2024 жылдың қаңтарында алаяқтық үшін сотталған Станислав Русских өз өмірін жеңілдетудің жолын ойлап, тағы да жаза арқалады. Алаяқ Алматыдан Заречныйдағы №12 түзеу мекемесіне ауыстырылған. Бірақ жаңа қоныс оған ұнамаса керек. «Мына жақта жағдай тым қатал, режим тым қатаң, басқа колонияға көшіріңдер» деп тікелей сұрай алмайтынын білген соң, ерекше айлаға көшкен. Бұл турасында Kozachkow телеграмм арнасы жазды.
Ол түзету мекемесіндегі таксофонға отырып алып, таныс прокурорларға, артынша полиция қызметкеріне хабарласып, «Алматының вокзалында теракт дайындалып жатыр, бомба қойылды» деп дүрліктірген. Сөзінің салмағы бар деп ойлаған болуы керек, себебі телефон шалған прокурорлар мен полиция дереу дабыл қағып, дәрігерлер мен құтқарушыларды қосып, вокзалды түгелдей тінтіп шығады. Бүкіл қала әбігерге түсіп, ондаған қызметкер жұмылып, жүздеген адамды эвакуациялап, сапырылысқан жұрт… Ал шын мәнінде ешқандай бомба табылмаған.
Бірақ қылмыс әлемінде бір ескі қағида бар: бәрі де әйтеуір әшкере болады. Полицейлер үшін мұндай «жалған хабарды» ашу қиынға соқпады. Қоңыраудың қайдан шалынғаны тез анықталды – ол лагерьдегі таксофоннан тікелей жасалған екен. Тергеушілер «қалайша бұлай істедің?» деп сұрағанда, Русских қысылмастан: «Басқа колонияға ауысқым келді, мұнда тым қатал» деп жауап беріпті.
Әрине, сот мұндай «бастаманы» жауапсыз қалдырған жоқ. Нәтижесінде алаяқтың жаза мерзіміне тағы 2,5 жыл қосылды. Оның үстіне, мемлекеттік қызметтердің – полиция, құтқарушылар, дәрігерлердің бекерге сарсаңға түсуі, арнайы операцияға кеткен шығындары 3 миллион теңгеден асып жығылды. Енді Русских сол ақшаны да өтеп беруі тиіс. Жазасын сол баяғы Заречныйдағы қатаң режимді мекемеде жазасын жалғастыратын болды.