Жамбыл облысында оқушылардың өлімінен кейін Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев мектептерде смартфон қолдануды шектеп, ата-аналардың жауапкершілігін арттыруды ұсынды деп хабарлайды Ertenmedia.
Жыл басынан бері елімізде жасөспірімдер арасындағы қылмыс күрт артқан. Биылғы оқу жылының алғашқы екі аптасында Жамбыл облысында үш бірдей оқушы қатарластарымен болған жанжал салдарынан қайтыс болған.
Депутаттың айтуынша, былтыр жасөспірімдер екі мыңға жуық қылмыс жасаған, оның 130-ы аса ауыр санатта. Биыл жағдай бұдан да күрделі болуы ықтимал.
«Білім ордаларында тек оқу үлгеріміне мән беріледі де, тәрбие ісі шет қалады. Балалар жанжалдың алдын алуды, эмоциясын басуды білмейді. Ал психолог мамандар жеткіліксіз», – дейді Бейсенбаев.
Депутат бұл мәселені шешу үшін мектептерге буллингке қарсы арнайы бағдарлама енгізіп, психологиялық көмек жүйесін күшейтуді ұсынды. Сондай-ақ ата-ананың жауапкершілігін көтеріп, балалардың смартфон қолдануын шектеу керектігін жеткізді.
«Балалардың арасындағы қарым-қатынас онлайн емес, шынайы болуы керек. Смартфонды жаппай қолдануға шектеу қойып, балалардың бір-бірімен бетпе-бет араласуына жағдай жасалуы тиіс», – деді депутат.
Ал Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев өңірде жасөспірімдер қылмысының алдын алу бойынша берілген тапсырмалардың қағаз жүзінде қалғанын мойындады.
Облыста соңғы екі аптада үш оқушы қаза тапқан. Тараздағы мектепте 9-сынып оқушысы жанжал кезінде көз жұмса, Шу ауданындағы Көкқайнар ауылында футбол матчынан соң 11-сынып оқушысы қатарласын соққыға жығып, жасөспірім ауруханаға жетпей көз жұмған.
Осы қайғылы оқиғалардан кейін облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемовке жай сөгіс, Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековке, Шу ауданының әкімі Бақытжан Жәнібековке, облыстық білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршубековке және тағы бірнеше лауазымды тұлғаға қатаң сөгіс берілді.
Әкімдік жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу үшін арнайы мониторингтік топ құрып, құқықтық сауат ашу жұмыстарын қолға алмақ. Бұл жұмысқа қала және аудан әкімдері тікелей жауапты болады.
Белгілі журналист Асқар Беков Тараздағы жағдайдың соңғы ширек ғасырда өзгермегенін айтады.
«Жамбыл билігі бұл мәселені тез арада жауып тастауға тырысады. Бар кінәні ұсталған балаға артады. Мектеп директоры оқиғаның аумақта болмағанын айтып ақталады. Шындығында өңірдегі мектептердің жоғары сыныптарында әлі күнге ақша жинау, күш көрсету қалыпты жағдайға айналған. Осы мәселені жылдар бойы неге шеше алмай келеміз?» – дейді журналист.
Депутаттың ұсынысы мен өңірдегі нақты жағдайдың арасын байланыстырар болсақ, мектептердегі тәртіп пен тәрбиені нығайту үшін тек әкімшілік жазалар мен сөгістер жеткіліксіз екені анық.
Криминалды Тараз: Қарашөкеевтің «сөгіс терапиясы» нәтиже бермей тұр