Алматы облысының Іле ауданында орналасқан «Ворошиловское» су қоймасын мемлекетке қайтару жөнінде сот шешімі шықты. Су қоймасының тағдыры тек ауыл шаруашылығына, егіншілікке немесе энергетикаға ғана емес, тұтас аймақтың қауіпсіздігі мен халықтың өмір сапасына тікелей байланысты екені анық. Жергілікті жұрт 2024 жылдың көктемінде болған апатты жақсы біледі. Сол кезде су қоймасындағы бөгеттің жарылуы жүздеген үйге қауіп төндіріп, егістік алқаптарын шайып, инфрақұрылымға орасан зор залал келтірген болатын. Оқиға халықтың жүрегіне қорқыныш ұялатты, ал билікке жауапкершілік жүктеді.
2017 жылы су қоймасы сенімді басқаруға берілген еді. Жарты ғасырдан астам уақытқа жасалған келісімге сол тұста ешкім күмәнданған жоқ. Бірақ уақыт өте келе табиғаттың алдында бейқамдық пен бақылаусыздықтың қаншалықты қауіпті екенін сезіндік.
2021 жылы басқарушы кәсіпкер өмірден өткен соң, нысан оның жарына мұрагерлікке өтті. Алайда, тәжірибесіздік пе, әлде қаражат тапшылығы ма, келісімшарттағы міндеттер орындалмай, қойманың техникалық жағдайы күннен күнге нашарлады. Қаржы басқармасы бірнеше рет ескерту жасады, талап қойды, бірақ нәтиже шықпады. Сол салғырттықтың салдары ақыры бір көктемде бүкіл өңірді дүрліктірген төтенше жағдайға алып келді.
Сот отырысы кезінде бір мәселе ерекше назарға алынды. Азаматтық кодекске сәйкес, сенімді басқарушы қайтыс болған жағдайда келісім автоматты түрде тоқтауы тиіс. Яғни, мұрагерлікпен басқару құқығы берілмеуі керек еді.
Бірақ тиісті бақылау болмағандықтан, заңды олқылық орын алды. Соның кесірінен мемлекет пен қоғам үлкен тәуекелге ұрынды. Енді сот әділ шешім шығарып, су қоймасын коммуналдық меншікке қайтару туралы үкім қабылдады.
Мұндай шешімнің астарында ел үшін маңызды ой жатыр. Су қоймалары – стратегиялық нысан. Олардың тағдыры жекелеген адамдардың қолына берілсе, бақылаусыздықтың салдарынан бүтін бір ауыл, аудан зардап шегуі мүмкін. Сондықтан мемлекет мұндай нысандарды өз қолына алуы – уақыт талабы. Халық сенімділік пен қауіпсіздікті қалайды. Енді «Ворошиловское» су қоймасы мемлекет қарауында болып, жүйелі бақылау мен жөндеуден өтеді деген үміт бар.