Шығыс Қазақстандағы Маралды ауылының тұрғындары ірі қараның белгісіз себеппен қырылып жатқанына алаңдаулы деп хабарлайды Ertenmedia.
Ауыл халқының айтуынша, ірі қара жергілікті өзен суын ішкен соң өле бастаған. Өзеннің жоғарғы тұсында алтын өндіретін кәсіпорын орналасқан.
Бағалы металл өңдейтін зауыттың құрылысы төрт жыл бұрын басталған. «ВСАМ Продакшн» ЖШС кәсіпорынды ауылдың дәл үстіндегі тау басына тұрғызған. Ашық дереккөздерге сәйкес, компанияны Айбек Әлібекұлы басқарады.
Әуел баста жергілікті тұрғындар зауыттан шығатын улы зат суды бүлдіріп, ауаны ластайды және тас көшкіні болады деп қауіптенген. Кәсіпорын басшылығы өз кезегінде жоба барлық экологиялық талапқа сай, ешқандай зиян келмейді деп сендірген-тұғын.
Зауытта алтынды кеннен бөліп алу үшін цианид секілді аса қауіпті улы зат қолданылатыны белгілі. Дегенмен компания басшылығы зиянды заттың жер астындағы суға түспейтініне кепілдік беретін, арнайы көпсатылы қорғаныш жүйесі орнатылғанын айтқан.
Алайда соңғы уақытта тұрғындардың күдігі қайта күшейуде. Экологиялық мәселемен айналысатын Ecounion ұйымы Instagram парақшасында қырылып қалған ірі қара малдың видеосын жариялады.
«Цианид аса улы зат. Ертеректе оны кеміргіштерді өлтіруге қолданған. Қазір оны кеннен алтын алу үшін пайдаланады. Бірақ Маралдыдағы жағдайдың жөні бөлек. Себебі зауыт ауылдың дәл іргесінде тауға, халық тұтынып отырған өзен суының бойына салынған», – дейді экологтар.
Ауыл халқы бірнеше жыл бұрын Секисовка елді мекенінде болған цианид төгілген апатты алға тартып отыр. Сол кезде билік мұндай қауіпті жобаларды мұқият қадағалауға уәде еткен еді. Сөйте тұра халық қарсылығына қарамастан, дәл осы Маралдыда зауыттың құрылысына рұқсат берілген.
Жергілікті тұрғындар мал өлімінен бөлек, басқа да күдікті жайттардың көбейгенін айтады. Биыл ауылда аралар жоғалып, халық бал жинай алмай қалған. Оның себебін жұрт кен өндірісінен шығатын шаң мен үнемі үзілмейтін шудан көреді.
Маралды тұрғындары мал мен табиғаттың апаты ертең адамдарға жетпей тұра, шұғыл шара қабылдауды талап етуде.