Атыраудағы «стоматология ісі» бойынша ұсталғандардан тәркіленген мүліктің тізімі жарияланды деп хабарлайды Ertenmedia.
Күдіктілердің зейнетақы қорынан заңсыз шығарып алған ақшасына сатып алынған мүліктерінің қатарында Mercedes-Benz G-класс, BMW X7, Porsche Taycan, Cadillac Escalade секілді құны 600 миллион теңгеден асатын 15 қымбат көлік, элиталы пәтерлер, коммерциялық нысандар мен бағалы зергерлік бұйымдар бар.
Қаржы мониторинг агенттігінің дерегінше, күдіктілер жалған стоматологиялық емханалар ашып, соның атынан зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) 200 миллиард теңгеден астам қаржыны шешіп алған.
«Жалған стоматологиялар» Атыраудан бөлек, Астана, Алматы, Шымкент, Ақтау сияқты ірі қалаларда тіркелген. Шын мәнінде әлгі ұйымдардың тіс емдейтін ғимараты да, құрал-жабдықтары да, кәсіби дәрігерлері де болмаған. Құрылтайшыларының медициналық білімі де жоқ.
«Құжаттарды рәсімдегені үшін олар шешіп алған соманың 10-20 пайызын өздеріне алып отырған», – деп мәлімдеді агенттік.
Қазір осы іс бойынша 59 жерде тінту жүріп, 10 адамға қатысты бұлтартпау шарасы таңдалған. Зейнетақы есебінен заңсыз сатып алынған мүліктер әлі де іздестіріліп жатыр.
Агенттік осы іс аясында күдіктілердің құқығы бұзылды деген ақпаратты жоққа шығарды.
«Күдіктілердің құқын ешкім таптаған жоқ, әрқайсысының адвокаты бар, олармен байланысуға ешқандай шектеу қойылмаған», – деді ведомствода.
Еске салсақ, 9 қыркүйекте Қаржы мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Елиманов президент Тоқаевқа зейнетақы жинағын стоматологиялық қызмет арқылы заңсыз қолма-қол ақшаға айналдырудың ауқымы туралы баяндаған болатын.
Соған сәйкес агенттік 200 миллиард теңге заңсыз жолмен шешілгенін анықтаған еді.
«Отбасы банкінің» дерегінше, тек 2021 жылдан 2025 жылдың тамызына дейін enpf-otbasy.kz платформасы арқылы стоматологиялық қызмет үшін 757 миллиард теңгені құрайтын 795 мыңнан астам операция жүргізілген.
Оның ішінде 222 миллиард теңгесі Атырау, Алматы және Астанада орналасқан 20 клиникаға түскен. Бір ғана Атырау қаласындағы клиникалардың біріне 23 миллиардқа жуық қаржы аударылғаны белгілі болды.
Осыған байланысты Қазақстанда 15 қыркүйектен бастап стоматологиялық қызметтерге зейнетақы жинақтарын пайдалану уақытша тоқтатылды. Банк қызметтің қашан қайта қосылатыны туралы кейінірек хабарлайтынын мәлімдеді.