Қазақстандықтардың көбі елдің қарулы күштеріне сенеді, бірақ әскердегі әлімжеттік пен жемқорлық мәселесі қоғамды алаңдатып отыр деп хабарлайды Ertenmedia.
DEMOSCOPE зерттеу бюросы жүргізген сауалнамаға сәйкес, ел азаматтарының 66,9 пайызы Қазақстан армиясы сырттан төнген қауіп-қатерге төтеп бере алады деп санайды.
Дегенмен, қоғамда қалыптасқан теріс пікір әскердің ішкі ахуалынан туындап отыр.
Ел тұрғындарының 37,8 пайызы әскердегі әлімжеттік пен зорлық-зомбылыққа алаңдаулы. Одан кейінгі орында жемқорлық мәселесі 34,9 пайыз. Әскердегі техниканың ескіруі мен инфрақұрылымның артта қалуы да қазақстандықтарды мазалайтын негізгі факторлар қатарында.
Зерттеу әскердегі ахуалдың жастар арасында теріс қабылданып жатқанын анықтады. 18-29 жас аралығындағы азаматтардың басым бөлігі (44,7 пайыз) армияны толықтай келісімшарт негізіне көшіруді қолдайды.
Олардың пікірінше, қазіргі міндетті әскери борыш жүйесі әлімжеттік пен жемқорлыққа жол ашып отыр.
Сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың 31,9 пайызы туысы әскерге шақырту алса алаңдаушылық білдіретінін жасырмаған. Олар заңды жолмен әскери міндеттен босатуға немесе басқа амалмен әскерге жібермеуге тырысатынын ашық айтқан.
Геосаяси жағдайға байланысты халықтың басым бөлігі алдағы 5 жылда Қазақстан қатысатын әскери қақтығыстың болу мүмкіндігін төмен бағалаған (42,9 пайыз). Бірақ 14 пайыз азамат мұндай қатердің ықтималдығын жоққа шығармайды.
Қазақстандықтар үшін әскери серіктестік бағытында бірінші орында Ресей мен ҰҚШҰ елдері тұр (29,3 пайыз).
Дегенмен НАТО-мен, әсіресе АҚШ пен Түркиямен байланысты күшейтуді қолдайтындар да аз емес 27,5 пайыз. Сондай-ақ ШЫҰ аясында Қытаймен (22,6 пайыз) және Орталық Азия елдерімен (20 пайыз) әріптестікті нығайту ұсынылған.
Әскердегі қызметтің қоғамдағы беделіне келсек, халықтың 69,9 пайызы әскери мамандықты мәртебелі деп есептейді. Соған қарамастан, елдегі әскердің ішкі мәселелері қоғамдағы оң пікірмен үйлеспей отыр.
Жұртшылық әскери саладағы әлімжеттік пен жемқорлық жойылмайынша, қорғаныс қабілетінің толық сенім ұялатпайтынын ашық жеткізген.
Сауалнаманың толық нәтижесін жобаның сайтынан көре аласыздар.