Таяуда өткен біліктілік емтиханында Қазақстандағы судья болуға ниеттенген үміткерлердің 94 пайызы компьютерлік тесттен өте алмады. 87 үміткердің бесеуі ғана межеден асқан. Қалғаны экран алдында сүрініп, құқықтың күретамыры саналатын логика, заң нормаларын ажыратып тану, дәлдік пен жылдамдық талабына келгенде қатты сүрінгені мәлем болды. Көңілге қаяу түсіретін көрсеткіш.
Тест барысында «бірдеңе шығарып алармын» дейтін жалқау әдет мұнда жүрмейді. Себебі судья адамның тағдырына әсер ететін шешім қабылдайды. Бір сөйлемің бір отбасының өмірін өзгертуі мүмкін. Сол үшін де талаптың қатайып, сүзгінің артуы орынды.
Бұдан кейінгі кезеңдер – эссе, нақты кейстерді шешу, психологиялық тест. Эссеге келгенде заңгердің ойын қалай түйіндейтіні, аргументті қалай құратыны, өмірлік факті мен құқықтық норманы қалай ұштастыратыны ашылады.
Кейс шешімі – ойлау жылдамдығын, дәлелдің салмағын, нормаларды қолдану мәдениетін көрсетеді. Психологиялық сынақ – ішкі өзегіңді, қақтығыс жағдайында қалай ұстайтыныңды, қысымға төтеп беру қабілетіңді, эмпатия мен салқынқандылық тепе-теңдігін өлшейді. Судьяға білім ғана емес, мінез керек. Мінезі ұшқалақ, сөзінде салмақ жоқ жанға қара костюм мен мантия абырой қосып бермесі анық.
Мұндай тесттен кейін сот саласы тазарып, судьялар кәсібилікке бет бұруы шарт. Көптің ішінен азды таңдау – әділет саласына тән заңдылық. Сапа мен сан шайқасқанда, сот төрелігінің киесі сапаның жағында тұруы тиіс. Жеңіл сұрақпен «қойып кете беретін» кезең артта қалды. Енді сот залына аяқ басатын әрбір адамның ар-ождан таразысы, білім мен тәжірибе таразысы, сабыр мен әділет таразысы қатар тартылмақ.
Жыл сайын өзгеріп отыратын құқықтық орта, жаңарып жатқан процессуалдық институттар, сандық платформалар мен электронды құжат айналымы – бәрі кәсіби адамды үнемі ізденуге итермелейді. Оқу – үздіксіз, босаңсуға болмайды. Кеше жаттағаныңды бүгін іс жүзінде қолданбасаң, ертең ескіріп қалады.
Судья заңдағы кез келген бапқа жан бітіретін де, әділетті өлшеп беретін адам. Сол адамның дайындық деңгейі, жауапкершілікті арқалау қабілеті бүгін бұрынғыдан гөрі қатаң тексерілуде. Претендент енді жауапкершілікті көтеруге дайын екенін дәлелдеуі тиіс.