Қазақстанда бюджет қаражатын пайдалану тәртібіне бірқатар шектеу қойылды. Үкіметтің тиісті қаулысымен республикада 2028 жылдың соңына дейін бюджеттік шығындар мен өңірлерде үнемделген қаржыны жұмсаудың бірнеше бағытына мораторий енгізілді, деп хабарлайды Ertenmedia.
Қаулыда атап көрсетілгендей, мораторий республикалық және жергілікті бюджет шығыстарын оңтайландыруға, басымдықтарды анықтап, қаржыны нақты экономикалық өсім беретін жобаларға бағыттауға мүмкіндік береді.
2028 жылдың 31 желтоқсанына дейін республикалық және жергілікті бюджет шығыстарын жоспарлау кезінде келесі бағыттарға қаржы бөлуге тыйым салынады:
- әлеуметтік саладағы жаңа бастамаларды қаржыландыру;
- жаңа бюджеттен тыс қорлар құру;
- мемлекеттік органдарға арналған жаңа әкімшілік ғимараттар мен кешендердің құрылысы және оларды сатып алу (2022 жылдан кейін құрылған әкімшілік-аумақтық бірліктерге арналған нысандардан басқа);
- «Мәдениет туралы» ҚР Заңымен анықталған мәдениет саласындағы жаңа ғимараттар мен құрылыстардың салынуы.
Бұл тізімге тек бюджет кодексіне сәйкес орталық уәкілетті органдармен алдын ала келісілген шығындар ғана кірмейді.
Сонымен қатар, мораторий бюджет бағдарламалары әкімшілерінің және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің мемлекеттік сатып алу нәтижесінде пайда болған үнемделген қаржыны өз бетінше жұмсауына да жол бермейді.
«Мораторий енгізуден үнемделген қаражат экономикалық өсімді қамтамасыз ететін басым бағыттарға қайта бөлінеді», – делінген Үкімет қаулысында.
Айта кетсек, бұған дейін Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының басшысы Елена Бахмутова бюджет шығындарын қысқартуға қатысты күмәнді пікір білдірген еді.