Бүгін сегізінші шақырылымдағы Түркістан облыстық мәслихатының кезекті он сегізінші сессиясы өтті. Басқосуда Жыл басынан өңірге 783 млрд теңге инвестиция тартылғаны айтылды, – деп хабарлайды Ertenmedia.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сессия жұмысына облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов, облыс әкімдігінің мүшелері, қалалық, аудандық мәслихат төрағалары, облыстың мемлекеттік органдарының басшылары, облыстық қоғамдық ұйымдар өкілдері, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Сессия жұмысын облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов жүргізді.
Сессияның күн тәртібінде 11 маңызды мәселе қаралды. Бірінші мәселе бойынша Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов баяндама жасап, облыстың экономикалық дамуына тоқталды.
– Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына келетін болсақ, алдын-ала есеп бойынша 8 айда жалпы өңірлік өнім көлемі 3 трлн. теңгеге жетіп, қысқа мерзімді экономикалық өсім 115,8% деңгейінде қалыптасты. Негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің оң өсімі сақталды. Өнеркәсіп саласында 982,3 млрд. теңгеге өнім өндіріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 13,1%-ға артты. Облыстың өнеркәсіптік әлеуетін дамыту мақсатында биыл өңдеу саласында 61 млрд. теңгеге 18 жобаны жүзеге асыру жоспарланса, 8 айда 3 ірі зауыт іске қосылды.

Бұдан бөлек, Созақ ауданында жоба құны 74,7 млрд.теңгені құрайтын табиғи уранды өңдеу зауыты ашылды. Жалпы 100 гектар аумаққа Шағын өнеркәсіптік парк жобасы аясында 152 өндірістік ғимарат салу жоспарланған. Өткен жылы 11 ғимарат салынып, құны 36,5 млрд. теңгеге 11 жоба іске қосылды. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен, өңірімізде өңдеу өнеркәсібін дамыту үшін «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы» құрылды. Мұнда кәсіпорындар ашылып, 3000 жұмыс орны құрылады деп жоспарланған. Жыл басынан өңірге 783 млрд. теңге инвестиция тартылды. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1,3 есе жоғары, – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары.
Сессияда Түркістан облысының туризм басқармасы басшысының, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының есебі тыңдалды. Сонымен қатар кадрлық өзгерістерге байланысты Түркістан облысы әкімдігі жанындағы бірқатар комиссиялардың құрамына өзгерістер енгізіліп, тиісті шешімдер қабылданды. Жалпы, сессия жұмысында қаралған мәселелер бойынша мәслихат депутаттары тиісті шешімдер қабылдады.