Ресей президенті Путин мобилизация жариялағанда «Залым Батыс» Кеңес Одағын ыдыратты, енді соның кебін Ресейге кигізгісі келеді» деген баяғы мифті қайта қозғады. Бұл – Кремльдің басты насихаттық құралдарының бірі. Алайда тарих пен нақты фактілерге үңілсек, Кеңес Одағының ыдырауы Батыстың жоспары емес, ең әуелі ішкі саяси дағдарыстар мен империялық жүйенің тоқырауының салдары болғаны айқын көрінеді. Қайта Батыс елдері үшін 1991 жылы КСРО-ның ыдырау күтпеген соққы болды.
Америкалық зерттеуші Пол Гобл сол кезеңді еске ала отырып, Кеңес Одағының құлауы тек Батыс үшін емес, тіпті ең тәжірибелі «советологтар» үшін де тосын оқиға болғанын айтады.
Сол кезде барлығы «ядролық қаруы бар мемлекет ешқашан құламайды» деген ұстанымға берік еді. Тіпті, АҚШ президенті үлкен Джордж Буш — 1991 жылдың жазында Киевке келіп, Украинаға «одақтан шықпа» деп ашық үндеу жасағанын тарихтан білеміз.
Бірақ тарих өз жолымен жүрді. Тамыздағы Мәскеудегі путч, одан кейінгі тәуелсіздік толқыны Батыстың да, Кремльдің де бақылауынан тыс өрбіді. Ал Қазақстан мен Украина ядролық арсеналын Ресейге тапсырған кезде, Батыс үшін бұл қауіпсіздік кепілі болып көрінгенімен, кейін оның зардабы ауыр болды. Сол кездегі ядролық қаруды тапсыру Крымды аннексиялау мен бүгінгі соғысқа жол ашқаны анық.
Батыстың сол кездегі басты қателігі Ресейге сенуге болатын ел қабылдады. Кеңес Одағы құлаған кезде, жаңа тәуелсіз елдерге батыс елдері дипломаттар жіберу үшін де маман таппай қиналған деседі. Осы фактінің өзі-ақ «Батыс КСРО-ны әдейі ыдыратты» деген әңгіменің бос сөз екенін айқындайды.
Бүгінде америкалық саясаттанушы Януш Бугайский Ресейдің де Кеңес Одағының кебін киюі мүмкін екенін дәлелдеп, «Несостоявшееся государство» атты кітабында жан-жақты сараптама жасады.
Оның айтуынша, Ресей посткеңестік кезеңде демократиялық федерация болудың орнына, жаңа тоталитарлық империяға айналды. Ұлттық республикалардағы тілдердің шектелуі, аймақтардың саяси және экономикалық құқығының тапталуы, Мәскеудің үстемдігіне деген қарсылықтың күшеюі – осының бәрі болашақтағы ыдыраудың алғышарттары.
Ресейдің болашағына қатысты болжамдар әртүрлі болғанымен, бір ақиқат айқын – Мәскеудің орталықтандырылған билігі сақталған жерде жаңа империяның туу қаупі ешқашан жоғалмайды. Ельцин кезінде Ресей «демократиялық жолға түсеміз» деп ант бергенімен, небәрі жеті жылдан кейін Кремль тізгіні КГБ-дан шыққан адамға тапсырылды.
Ресейдің Украинадағы жеңілісі қазіргі әлем үшін Берлин қабырғасының құлауымен тең тарихи оқиға болмақ. Бұл жолы тарихшылар оны «Кремль қабырғасының құлауы» деп атауы мүмкін. Оның артында Ресейдің өз ішінде жаңа ұлттық мемлекеттердің пайда болуы, олардың әлемдік қауымдастықпен ашық, тең дәрежелі қарым-қатынас орнатуға ұмтылуы тұрмақ.