Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі ұлттық кеңестің алғашқы отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жасанды интеллектіні білім беру жүйесіне енгізудің маңыздылығына ерекше тоқталып, оның қоғам дамуы үшін стратегиялық рөл атқаратынын атап өтті.
«Жасанды интеллектіні кеңінен пайдалану орталық пен аймақ, қала мен ауыл арасындағы білім алшақтығын қысқартуға қолайлы жағдай жасайды. Әсіресе, бұл шағын жинақты мектептерге қатысты мәселе. ЖИ технологияларын енгізу ерекше білім алу қажеттіліктері бар балаларды жан-жақты қолдау үшін өте маңызды. Біздің мақсатымыз – шын мәнінде инклюзивті білім беру ортасын қалыптастыру. Бұл – Әділетті Қазақстан құрудың негізгі алғышарттарының бірі», – деді ел Президенті.
Бұл тұжырымдар біздің орталықтың миссиясымен толық үндеседі. Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың Ұлттық ғылыми-практикалық орталығы үшін жасанды интеллектіні тиімді енгізу – ерекше білім алу қажеттіліктері бар балалардың сапалы білім алуына, тең мүмкіндіктерге қол жеткізуіне және кедергісіз ортада дамуына жол ашатын маңызды бағыттардың бірі.
Сонымен қатар, Президентіміз жаңа технологияларды игеру барысында ұлттық болмысымызды, мәдениетімізді және құндылықтарымызды сақтаудың маңызын атап өтті. Бұл – біздің педагогикалық ұстанымымызға сай келетін басты қағидат. Жасанды интеллект – көмекші құрал ғана. Ал білім мен тәрбие сапасына, ұлттық құндылықтарға негізделген мазмұнға әрқашан адам, яғни ұстаз жауапты. Демек, жасанды интеллект ұстаздың орнын алмастырмайды, қайта оның мүмкіндіктерін кеңейтеді.
Ұстаз – сапалы білімнің басты кепілі. Сондықтан біздің міндетіміз – педагогтерді қолдау, оларды жаңа технологияларды тиімді қолдану дағдыларын қалыптастыру және мемлекеттік стандарттарға сай сапалы контентпен қамтамасыз ету. Бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі жүргізу – инклюзивті білім беруді дамытудағы негізгі басымдықтардың бірі. Қазіргі таңда орталығымыз инклюзия саласында ғылыми зерттеулерге сүйене отырып оқу-әдістемелік құралдар әзірлеу, сондай-ақ біліктілікті арттыру курстарын жаңа технологиялар мен заманауи әдіс-тәсілдер негізінде жүзеге асыру жұмыстарын жүргізуде.
Жасанды интеллект тек білім беру саласына ғана емес, еңбек нарығына да ықпалын тигізіп отыр. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, жаңа технологиялардың дамуы кейбір мамандықтардың ескіріп, жаңа кәсіби бағыттардың қалыптасуына жол ашады. Осыған орай педагогтердің кәсіби шеберлігін арттыру, өмір бойы оқыту жүйесін дамыту басты назарда болуы тиіс. Озық алгоритмдер білім беру процесінде көмекші құрал бола алады, алайда оның мазмұнының сапасы мен тәрбиелік мәніне жауапкершілік әрқашан адамға жүктеледі. Демек, білім беру мен еңбек нарығындағы бұл өзгерістер бір-бірін толықтыра отырып, еліміздің ең қымбат қазынасы – адам капиталының сапасын арттыруға қызмет етеді.
Ұлттық деңгейде қолға алынған бұл бастама білім беру жүйесін әділетті, қолжетімді және заманауи етуге жаңа серпін береді. Жасанды интеллект – болашағымызды айқындайтын мүмкіндік. Бірақ оны дұрыс әрі жауапты қолдану – стратегиялық маңызы бар міндет.
Лаура БҰТАБАЕВА, Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың Ұлттық ғылыми-практикалық орталығының директоры