Ғалымдар Бразилия аумағынан табылған 115 миллион жылдық динозавр сүйегінен қызыл қан жасушаларының (эритроциттер) айқын іздерін анықтады. Зерттеушілер бұл жаңалық биологиялық заттардың миллиондаған жылдар бойы қалай сақталатынын түсінуге тың серпін беретінін айтады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
115 миллион жылдық қазба және сирек құбылыс
Зерттелген сүйек үлгісі 2008 жылы Бразилияның солтүстік-шығысындағы Ромуалдо геологиялық формациясынан қазып алынған Aratasaurus museunacionali деп аталатын жыртқыш динозаврға тиесілі. Бор дәуірінің басында өмір сүрген, шамамен төрт жасында өлген бұл тераподтың ұзындығы 3 метрдей, салмағы 34 келі шамасында болған. Мамандардың пайымдауынша, жануар өлген аймақтағы баяу ағатын сулар мен оттектің тапшылығы органикалық қалдықтардың шіріп кетпей сақталуына қолайлы орта жасаған.
Гем молекуласы мен минералды «уақыт капсуласы»
Австралияның Кертин университеті бастаған халықаралық ғылыми топ динозаврдың артқы аяқ сүйегін жоғары дәлдіктегі микроскоптар және кешенді геохимиялық әдістер арқылы зерттеді. Ғылыми нәтижелер АҚШ Ұлттық ғылым академиясының хабаршысында (PNAS) жарияланды. Сүйектің қан тамырлары жүрген ұсақ түтіктерінің ішінен эритроциттерге ұқсас көптеген микроқұрылым табылды.
Химиялық талдау барысында осы микроқұрылымдардың дәл өзінен гемоглобиннің оттегі тасымалдайтын негізгі компоненті — гем молекулаларының іздері және коллаген аминқышқылдары анықталды. Ғалымдардың айтуынша, бұл — динозавр қаңқасының ішіндегі жасуша тәрізді нысандардан гем молекуласының химиялық дәлелмен алғаш рет нақты расталуы. Органикалық құрылымдарды гаусманнит деп аталатын марганец оксиді минералы табиғи капсула іспетті қаптап, миллиондаған жылдар бойы ыдырап кетуден қорғап қалған.
Зерттеу жетекшісі, Кертин университетінің профессоры Клити Грайс бұл нәтиже палеонтология саласында бұрын болмаған жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын мәлімдеді.
«Біз динозавр қаны құйылған құты тапқан жоқпыз. Көріп отырғанымыз — көне биологияның минералды және молекулалық жаңғырығы. Мұндай тәсіл басқа да қазбаларда қаншалықты биологиялық ақпарат сақталып қалғанын анықтауға зор мүмкіндік береді», – деді Клити Грайс.
Ғылыми пікірталас және шындық шекарасы
Ашылған жаңалық фантастикалық фильмдердегідей динозаврларды қайта тірілтуге жол ашпайды. Ғалымдар сүйектен ешқандай ДНҚ молекуласы табылмағанын және сұйық қан сақталмағанын нақтылады. Сондай-ақ ғылыми ортада барлық маман бұл микроқұрылымдарды қызыл қан жасушалары деп бірден қабылдауға дайын емес.
Мәселен, Солтүстік Каролина мемлекеттік университетінің белгілі палеонтологы Мэри Швейцер құрылымдардың өлшемі құстар мен бауырымен жорғалаушылардың ядролы эритроциттерінен кішірек болуы мүмкін екенін, сондықтан оған сақтықпен қарау керектігін ескертті. Дегенмен ол гем мен ақуыз компоненттерінің химиялық белгілерін зерттеудің өте құнды тұсы деп санайды.
«Сүйектер жануардың анатомиясы, өсуі мен қозғалысы туралы маңызды дерек береді. Ал жасушалық және молекулалық деңгейдегі сақталу бізге тірі ағзаның химиясы мен тіндерін тереңірек түсінуге жол ашады», – деп түсіндірді зерттеу жетекшісі.
Халықаралық ғылыми топ енді осы зерттеу әдістерін музейлерде сақталған басқа да көне қаңқаларға қолданып, жойылып кеткен ежелгі жануарлардың тыныс алу жүйесі мен зат алмасу ерекшеліктерін зерттеуді жалғастырады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







