Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Бәйдібек ауданына жасаған жұмыс сапарында өңірдің даму бағыттарын түбегейлі қайта қарау қажеттігін атап өтті. Әкімнің сөзімен айтқанда, енді аудан жетістіктермен емес, нақты нәтижемен бағалануы керек. Халықтың әл-ауқатын көтеру үшін экономиканы әртараптандыру, ауыл шаруашылығын жаңғырту, жергілікті бюджеттерді нығайту және ауылдық округтердің өздігінен табыс табу қабілетін арттыру басты міндет, – деп хабарлайды Ertenmedia.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесу барысында Нұралхан Көшеров ауылдық округ әкімдерінің жұмысын сын тезіне салды. «Көрсеткіш бар, нәтиже жоқ» деген сөз жиында бірнеше рет қайталанды. Әкімнің айтуынша, кейбір ауыл басшылары есеп берумен ғана шектеліп, нақты әрекетке көшпей отыр.
Ал мұндай жағдайда ауданның дамуы тежеліп, халықтың сенімі әлсірейді. Әсіресе ауыл шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібіндегі көрсеткіштердің төмендігі – басты алаң. «Өзін-өзі қамтамасыз ету жол картасы» аясында жасалған жоспарлар қағаз жүзінде қалып қойған. Облыс әкімі бұл мәселені түбегейлі шешу керектігін айтып, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.
– Бәйдібек ауданының әлеуеті зор. Табиғи байлығы мен ауылшаруашылық мүмкіндігі – өз алдына бөлек әңгіме. Бірақ осы әлеуетті толық пайдалану үшін жүйелі басқару қажет. Әр ауылдың даму жоспары мен қаржылық тәуелсіздігін жеке қарастыру керек. Бюджетке тәуелділікті біртіндеп азайту керек. Әр округ өз кіріс көзін қалыптастырып, нақты нәтиже көрсетуі тиіс. Мемлекет тарапынан барлық мүмкіндік жасалып отыр, енді жауапкершілік әкімдерге артылды, – деді Нұралхан Көшеров.
Бұдан бөлек, облыс басшысы инвестиция тарту мәселесін де күн тәртібіне қойды. Оның пікірінше, жергілікті билік пен кәсіпкерлер арасындағы байланыс әлі де әлсіз. Инвесторлар үшін нақты қолдау тетіктері жасалуы керек.
Бұл жаңа жұмыс орындарын ашуға, жергілікті экономиканы жандандыруға мүмкіндік береді. Әкімнің айтуынша, Бәйдібек тек ауыл шаруашылығымен емес, туризм арқылы да дами алады. Ауданның табиғи, тарихи және рухани мұрасы – туризмнің негізгі тірегі.

Жиында Бәйдібек ауданында экотуризм мен мәдени бағыттағы жобаларды дамыту туралы да кеңінен сөз болды.
– Бәйдібек – киелі мекен, тарих пен табиғаттың тоғысқан жері. Әр аудан өз брендіне ие болуы керек. Бұл – жергілікті халықтың да, туристердің де назарын аударатын фактор, – деді облыс басшысы. Шынында да, Боралдай, Ақмешіт, Қарабастау сынды табиғи ескерткіштер мен киелі орындар халықаралық деңгейде танымал болуға лайық.
Сонымен қатар, санитарлық тазалық мәселесі де назардан тыс қалмады. Нұралхан Көшеров аудан орталығы мен ауылдардағы тазалықтың төмендігін сынға алып, жауапты басшыларға нақты ескерту жасады. Арнайы комиссия құрылып, әрбір ауылдық округ бойынша мониторинг жүргізілмек. Егер санитарлық нормалар сақталмаса, әкімдерге тәртіптік шара қолданылады. «Тазалық – мәдениеттің көрсеткіші. Халықтың өмір сүру сапасы айналасындағы ортадан басталады», – деді аймақ басшысы.
Бәйдібек ауданы әкімінің міндетін атқарушы Бақыт Қырғызалиев те жиында сөз алып, ауданның қазіргі ахуалы мен проблемаларына тоқталды. Ол ауыл шаруашылығын дамыту, инфрақұрылымды жаңарту және әлеуметтік нысандар салу бойынша жоспарларымен бөлісті. Дегенмен, облыс әкімі бұл жоспарлардың барлығы нақты уақыт пен нәтиже арқылы бағаланатынын ескертті.
– Мәслихат депутаттарына инвестициялық жобаларды қолдау және жаңа ұсыныстарды сараптау міндеті жүктелді. Әкімдік пен мәслихаттың үйлесімді жұмысы ғана нақты нәтиже береді. Бәйдібек ауданын дамыту – бір адамның емес, баршамыздың ортақ міндетіміз. Бізге есеп емес, іс керек. Тұрғындардың сенімі – ең үлкен жауапкершілік, – деді Нұралхан Көшеров.Бүгінде ауданның даму стратегиясы айқын: ауыл шаруашылығын цифрландыру, өңдеу өнеркәсібін күшейту, туризм мен инфрақұрылымды жаңарту негізгі басымдықтар. Бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізілсе, Бәйдібек өңірі Түркістан облысының экономикалық драйверлерінің біріне айналуы әбден мүмкін.