«Amanat» партиясы жанындағы өңірлік даму кеңесінің отырысында осы мәселе кеңінен талқыланды. Мәжіліс депутаты Берік Бейсенғалиевтің айтуынша, еліміздегі жылу электр орталықтарының 76 пайызы 50 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келеді. Ол тозығы жеткен жүйе әлеуметтік қауіпке айналуы мүмкін екенін ескертті, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Жылу желілерінің 52 пайыздан астамы әбден ескірген. Сол себепті солтүстік пен шығыс өңірлерінде жылыту маусымы басталғанымен, кейбір нысандар әлі толық дайын емес.
Отырыста айтылған деректер көңілге қаяу салады. Төрт энергия блогы, 32 қазандық пен 19 турбина әлі жөнделіп жатса керек. Бұдан еліміздің энергия жүйесіндегі негізгі тіректердің әлі толық іске қосылмағанын байқаймыз.
– Халық апаттарды күтіп өмір сүре алмайды. Уәде емес, нақты нәтиже қажет. Салаға қатаң бақылау мен жүйелі жаңғырту қажет, – деді Берік Бейсенғалиев.
Энергетика министрлігінің өкілі де жағдайдың күрделілігін растады. Оның айтуынша, алдағы маусымға қажетті көмір көлемі 7,4 миллион тонна деп есептелген. Соның 1,6 миллион тоннасы тұрғындарға арналған.
Бірақ қазір көмір бағасы елдің көптеген өңірлерінде шектен тыс өскені мәлім болуда. Әсіресе шалғайдағы ауылдарда отын бағасы 30-35 мың теңгеге дейін жеткен.
Қазіргі таңда көмір бағасын мемлекет реттемейді. Осыған байланысты Антимонополиялық агенттік баға саясатын заң аясында реттеу бойынша түзетулер әзірлеп, Парламентке енгізген.
Талқылау аяқталған соң, жаңа жүйе қабылданса, көмір бағасына мемлекеттік бақылау енгізілмек. Сарапшылар мұндай шешім әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге бағытталғанын айтады. Өйткені елдің солтүстігі мен шығысындағы мыңдаған отбасы көмірге тәуелді.
Энергетика саласындағы ахуал бір күнде шешілмейді. Жүйелі реформа мен нақты бақылау қажет. Тозған қазандықтар мен жылу желілерін ауыстыруға миллиардтаған қаржы керек.
Осы себепті, қоғамда «жылу мен жарыққа деген көзқарасты түбегейлі өзгерту қажет» деген пікір күшейіп келеді. Халыққа уәде емес, нақты жұмыс керек. Ал билік пен бизнес бірігіп, осы салаға шынайы жауапкершілікпен қараса, алдағы қыста апатты жағдайлардың алдын алуға болады.

