Сенатта Қазақстан мен Катар арасындағы еңбек келісімі таныстырылды, деп хабарлайды Ertenmedia.
Құжаттың мән-жайын депутат Руслан Рүстемов баяндады.
Депутаттың айтуынша, келісім Катарда еңбек ететін қазақтардың құқықтық әрі әлеуметтік тұрғыдан қорғалуын қамтамасыз етеді. Жұмыс беруші тарапынан бірқатар міндеттеме қарастырылған. Атап айтқанда, қазақстандық жұмысшыға тұрғын үй немесе тиісті өтемақы ұсынылады.
Сондай-ақ жұмыс орнына барып-қайту үшін тегін көлік немесе көлік шығынын жолкіресі беріледі.
Медициналық қызмет те Катар заңнамасына сәйкес көрсетіледі. Жұмысқа орналасу және еңбек шарты аяқталғаннан кейін елге оралу шығыны, жыл сайынғы еңбек демалысына барып келу шығыны да жұмыс берушінің мойнында.
Келісім бойынша, катарлық жұмыс беруші екі жағдайда ғана міндеттемеден босатылады.
- Біріншісі жұмысшы шарт мерзімі аяқталмай тұрып өз еркімен жұмыстан кетсе.
- Екіншісі қызметкер еңбек тәртібін өрескел бұзып, оны ескертусіз әрі өтемақысыз жұмыстан шығаруға тура келсе. Мұндай шара Катардың еңбек заңнамасына сүйеніп жүзеге асырылады. Еңбек шартының мазмұнын жұмыс беруші біржақты өзгертуге құқылы емес.
Қазақстан азаматтарын Катарға жұмысқа тарту рәсімі алдымен катарлық жұмыс берушінің өтініш беруінен басталады. Өтініште қызметкердің біліктілігі, еңбек жағдайы мен шарттың мерзімі толық көрсетіледі. Құжатты Катардың Еңбек министрлігі жинастырып, Қазақстанға жолдайды. Қазақстан тарапы алынған өтініш негізінде электронды еңбек биржасы арқылы ел азаматтарын құлақтандырып, лайықты кандидаттарды іріктейді.
Жұмысшы мен жұмыс беруші арасында жасалатын еңбек шарты екі елдің министрліктері мен елшілігінде тіркеледі. Шарттың мазмұны Катар заңымен қатаң бақыланады. Сонымен қатар келісімнің ажырамас бөлігі ретінде үлгілік еңбек шарты бекітілген.
«Жұмысшы мен жұмыс берушінің арасында дау туындаған жағдайда әуелі Катардың Еңбек министрлігінде қаралады. Тараптар мәмілеге келе алмаған жағдайда іс Катар сотына жолданады. Келісімнің толық әрі сапалы жүзеге асуын бірлескен комитет бақылайды. Әр тараптан үш өкілден құралған комитет еңбек нарығындағы сұранысты саралап, қажет жағдайда келісім мазмұнына өзгеріс енгізу туралы ұсыныстар әзірлей алады», – дейді Руслан Рүстемов.
Келісімнің орындалуын қадағалау және өтініш алмасу жұмысын үйлестіру міндеті Қазақстан тарапынан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне, ал Катар жағынан Еңбек министрлігіне жүктелген.
Айта кетелік, Сенат «Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Катар Мемлекеті Үкіметі арасындағы Қазақстан азаматтарын Катарда еңбекке орналастыру туралы келісімді ратификациялау» туралы заң жобасын мақұлдады.