Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов халықтың аударымы мен табысы қалай тексерілетінін түсіндірді, деп хабарлайды Ertenmedia.
Мәжіліс кулуарында журналистер сауалына жауап берген вице-министрдің айтуынша, табысы бар немесе ірі мүлік сатып алған азамат декларация тапсырмаса, оған арнайы хабарлама жіберіледі.
«Бұл шараны тексеріс деп түсінбеу керек. Мұндай хабарлама шағын және микро бизнестің ресми тіркелген өкілдеріне ғана қатысты», – деді Біржанов.
Оның айтуынша, телефон нөмірі арқылы әрі-бері ақша жөнелтуді бақылау шарасы қарапайым азаматтарға емес, негізінен шағын және орта бизнес өкілдеріне бағытталған.
Осы тәсілмен ақша жөнелту жалпы төлемдер ішінде айтарлықтай үлес алады, бірақ шын мәнінде төлемге жатпауы керек. Егер банктер мен құзырлы орган әлгіндей төлем түрінің шамадан тыс жиілігін байқаса, мәліметті Қаржы министрлігіне жібереді. Министрлік ақпаратты жеке кабинетке немесе хабарлама арқылы жеткізіп, табысты декларациялауды сұрайды.
Дегенмен жүйе тек 2026 жылдан бастап жұмыс істейді. Яғни оған дейінгі аударымдарп есепке алынбайды. Министрлік банктен немесе мемлекеттік мекемеден келіп түскен ақпарат негізінде азаматтарға декларация тапсыру қажеттігін ескертіп отыратын хабарлама жүйесін қазірден дайындап жатыр.