Республика күніне орай Махамбет ауданы Таңдай ауылында 150 адамға арналған заманауи «Таңдай» спорт кешені ашылды, – деп хабарлайды Ertenmedia.kz Атырау облысы Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Құрылыс жұмыстары 2023 жылы басталған нысанның жалпы ауданы 2077,12 шаршы метр болса, спортпен қамтылатын бала саны 400-ге жуықтайды. Кешенде ойын және жаттығу залдары, ерлер мен әйелдердің киім ауыстыру бөлмелері, жуынуға арналған және медициналық кабинет бар.
Мұнда футбол, волейбол, баскетбол, бокс, дзюдо, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, грек-рим күресі сияқты спорт түрлерінен секциялар жұмыс істейді.

– Балалар және жасөспірімдерге арналған жаңа спорт кешенінің ашылуы ауыл жастарының бос уақытын тиімді өткізіп, спортқа қадам басуына үлкен серпін бермек. Президент тапсырмасына сәйкес алдағы уақытта да ұлттық спорт пен олимпиадалық спорт түрлерін дамытуға жұмыстана береміз, – деді облыстық Дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Нұрбол Сыдықов.

Жоба «Атырау облысы Құрылыс басқармасы» мемлекеттік мекемесінің тапсырысымен жүзеге асырылды. Құрылыс жұмыстары «Сұңқар Құрылыс LTD» ЖШС-ның мердігерлігімен атқарылып, техникалық қадағалауды «Гранд Урбан» ЖШС, ал жобалауды «Су құрылыс Проект» ЖШС жүргізді.

