Республика күніне орай елорданың «Алматы» ауданындағы Триатлон саябағында жүгіруден жазғы маусымның жабылуы өтті, – деп хабарлайды Ertenmedia.kz Астана қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Биылғы маусымның басты ерекшелігі — жүгіруді серік ететін жандар қаланың әр ауданында қашықтықтарды еңсеріп, өздеріне жаңа локацияларды ашуы.
Ал маусымның жабылуы жөндеуден өткен, арнайы жүгіру жолағы бар Триатлон саябағына белгіленіп, қала тұрғындары 5 және 10 шақырым қашықтықты бағындырды.
– Республика күніне арналған жүгіріске 1 500 адам қатысты. Жақсы көрсеткіш. Қала тұрғындары осындай бұқаралық жүгіріске үйреніп қалды. Триатлон немесе Ботаникалық бақ қана емес, өзге жерлерде де жүгіруге мүмкіндік бар. Бүгін жазғы маусымымыз аяқталса да, қыс мезгілінде жүгірістер жалғаса береді. Осы сәтті пайдалана отырып, 26 қазан күні дәл осы Триатлон саябағында отбасылық дуатлонға қатысуға шақырамын, – деді Астана қаласы әкімдігінің Спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясы басшысының орынбасары Ержігіт Өсербай.
Бүгінгі бұқаралық жүгірістің ерекшелігі 82 жастағы Амангелді Досжановтың қатысуы болды. Ол көпшіліктен қалмай, 10 шақырым қашықтықты 1 сағат 23 минутта жүгіріп өтті.
– Жүгіруді 79 жасымда бастадым. Егер бастысы ниет болса, ешнәрсеге кеш емес. Қазіргі сәтте аптасына тұрақты түрде 3 мәрте 5-10 шақырым жүгіремін. Әдетте мен үйімнің қасындағы Күйшілер аллеясы мен Жерұйық саябағын таңдаймын. Себебі ол жерде жүгіруге жағдай жасалған.
Көпшілігіміз жапондардың ұзақ өмір сүретініне таңғалып жатамыз ғой. Бірақ қазақтар да салауатты өмір салтын ұстанудан кенде емес. 2024 жылы Run for Autism қайырымдылық жарысына қатысып едім. Міне, енді Республика күніне орай ұйымдастырылған жүгіріске қатысуға бел будым, – деді 82 жастағы Амангелді Досжанов.
Бұқаралық жүгіріске қатысу толықтай тегін болды. Іс-шара соңында қатысушылар арасында велосипедтер ойнатылып, естелік медальдар табысталды.

