Алматыдағы Ғылым ордасында Республика күніне арналған «Республика күні – Мәңгілік ел мұраты» атты мерекелік іс-шара өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Шараның негізгі мақсаты Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу жолын еске алып, азаматтардың елге деген сүйіспеншілігін арттыру, жас ұрпақтың бойында патриоттық рух қалыптастыру және «Мәңгілік ел» идеясын кеңінен насихаттау.
Іс-шарада Ғылым ордасының бас директоры Ұлар Мұқажанов сөз сөйлеп, мерекенің тарихи маңызын атап өтті. Оның айтуынша, Республика күні – елдің мемлекеттілік жолындағы маңызды кезеңін айқындайтын күн.
«Ғылым ордасы – қазақ ғылымы мен руханиятының тоғысқан орталығы. Мұнда ел тарихына қатысты құнды құжаттар мен сирек еңбектер сақталған. Осы мұраны келешек ұрпаққа жеткізу – баршамызға ортақ міндет», – деді ол.
Мерекелік бағдарлама аясында арнайы көрме ұйымдастырылды. Онда Орталық ғылыми кітапхана, Археология музейі және Қазақстан ғылымының тарихы музейі қорларынан алынған құнды материалдар ұсынылды.
Көрмеде 1990 жылғы 25 қазанда қабылданған «Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы» декларацияға қатысты құжаттар, сол кезеңдегі ғылыми еңбектер мен тарихи жәдігерлер қойылды. Сонымен қатар декларацияны әзірлеуге қатысқан ғалымдар мен заңгерлердің еңбектері де таныстырылды.
Іс-шара барысында ғылым мен мәдениет саласына үлес қосқан бірқатар қызметкерлер ведомстволық марапаттармен және құрмет грамоталарымен наградталды.
Бұл мерекелік басқосу Республика күнінің тек тарихи дата ғана емес, ұлттық сананы жаңғыртатын, ұрпақ сабақтастығын нығайтатын маңызды құндылық екенін тағы бір мәрте көрсетті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







