Астанада Президенттің бұрынғы кеңесшісі, Алматы әкімінің экс-орынбасары Ержан Бабақұмаров кісі қолынан қаза тапты, деп хабарлайды Ertenmedia.
56 жастағы Бабақұмаров жақын таныстарымен бас қосып отырған кеште кикілжің туып, арты төбелеске ұласқан. Дене жарақатын алған ол оқиға орнында жан тапсырған. Полиция күдіктіні ұстағанын хабарлады.
90-жылдары Алматы әкімдігінен қызметін бастаған Бабақұмаров президент әкімшілігінде ішкі саясат бағытына жауап берді, экс-елбасы Назарбаевтың тұсында ақпараттық орталықты басқарды. Кейін Мәдениет министрінің орынбасары болып тағайындалып, Кәрім Мәсімовтың үкіметінде Премьер-министр кеңсесінде жұмыс істеді.
2019 жылы Тоқаевтың төңірегіне келіп, уәзірі атанды. 2022 жылғы Қаңтар оқиғасына дейін Алматы әкімінің орынбасары қызметін атқарып, Бақытжан Сағынтаевпен бірге орнынан кетті. Соңғы атқарған қызметі Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің директоры болатын.
Қаңтар оқиғасынан кейін көпшілік назарына ілікпей кеткен ол осы көктемде ғана саяси сарапшы ретінде сұхбат беріп, қоғамдық өмірде қайта көріне бастаған еді.
Биыл ақпанда Бабақұмаров мас күйінде көлік басқарғаны үшін жүргізуші куәлігінен айырылған болатын.
Марқұмның артында әйелі, ұлы және қызы қалды. Әзір тергеу амалы жүргізіліп жатыр. Полиция оқиғаның егжей-тегжейін анықтауда.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.
Астана мен Тәшкенттің тактикасы: Тоқаев-Мирзияев тандемі Трампқа не ұсынады

