Қазақстанның Мұнай-газ кеңесі (PetroCouncil) елдегі мұнай-газ химиясы жобаларын жүзеге асыруда шетелдік компаниялардың демпингке жиі жол беруіне алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды Ertenmedia.
Әсіресе, Қытайдан келген мердігерлердің нарықтағы үлесі ұлғайып, жергілікті кәсіпорындарды шеттетіп жатқанына назар аударған кеңес Үкіметтен отандық бизнесті қорғауды сұрады.
PetroCouncil ұйымының құрамына 150-ге жуық қазақстандық мұнай-сервис, инжиниринг және өнеркәсіп кәсіпорыны кіреді. Олар премьер Бектеновке ресми хат жолдап, мәселені реттеудің кешенді шараларын ұсынды.
Соңғы жылдары Қазақстанның мұнай-газ химиясы саласындағы ірі жобаларға шетелдік, оның ішінде қытай компанияларының қатысуы күрт көбейген.
Ұйым сарапшыларының сөзінше, олар қызмет бағасын нарықтағы орташа құнынан 60-70 пайызға төмен ұсынып, демпингті күшейткен. Соның салдарынан жергілікті компаниялардың тапсырыс алу мүмкіндігі шектеліп, нарықтағы үлесі төмендеп барады.
Бұл жағдай отандық кәсіпорындардың кірісін ғана емес, мемлекеттің салық түсімдерін, жұмыс орындарын да қысқартып, инженерлік-техникалық тәжірибенің жоғалу қаупін тудырады. Сонымен қатар, өндірістік қауіпсіздік сапасына кері әсерін тигізуі мүмкін.
Ұйым бұл мәселенің мемлекет деңгейіндегі жүйелі шешімін табуын талап етіп отыр.
PetroCouncil ұсынған нақты шаралардың қатарында демпингтің шекті деңгейін 20 пайыздан асырмау, тендерлік құжаттарды бағалау кезінде қазақстандық қамту критерийінің салмағын арттыру, бағасы шамалас болған жағдайда отандық компанияға басымдық беру («екінші ең тиімді баға» қағидасы) қарастырылған.
Сондай-ақ шетелдік жұмыс күшін тарту тәртібін күшейтіп, еңбек заңнамасын сақтауды қатаң бақылау қажеттігі айтылған. Бұған қоса, жергілікті мұнай-газ химиясы тауарларын өндірушілер үшін 5 жылдық арнайы реестр жасап, импорттық шикізатты кедендік баждан босату ұсынылып отыр.
Бұл отандық өндірістің бәсекеге қабілетін күшейтіп, қытайлық арзан өнімдермен теңесуге мүмкіндік береді.
«Осының бәрі жүзеге асса, қазақстандық кәсіпорындардың бәсекеге қабілеті артып, технологиялық тәуелсіздік нығая түспек. Мұндай қадам отандық мұнай-газ химиясы кешенінің тұрақты дамуына да септігін тигізеді», — дейді PetroCouncil.
 Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз. 

 
		
