Шымкенттік шенеунікті бопсалаған блогер ұсталды, деп хабарлайды Ertenmedia.
Белгілі журналист әрі блогер Арай Есенбек әкімдік қызметкерінен 10 млн теңге талап етіп, айтқанына көнбеген жағдайда әлемжеліде компромат жариялаймын деп қорқытқан. Құқық қорғау органдары осындай айып тағып отыр.
Полиция журналистің үйі мен кеңсесін тінтіп, электронды құрылғылар мен өзге де заттай айғақты тәркілеген. Есенбекке қатысты қылмыстық іс қозғалып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Күдікке ілінген Арай Есенбек AMANAT партиясының экс-мүшесі екен. Kungei дейтін порталға иелік ететін көрінеді. Шымкент қаласы әкімінің баспасөз хатшысы болып та қызмет атқарған. Оған дейін қаладағы Ақпараттық коммуникация орталығын басқарған.
Еңбек жолын «Хабар» агенттігінен бастап, кейіннен AMANAT-қа қарасты “Азаттық рухы” басылымының тілшісі болған.
Жергілікті жұрт оны Шымкент әкімдігінің жұмысы мен спорт тақырыбын жазатын журналист ретінде біледі. Ұсталарынан бір күн бұрын ғана ол әкімдікте өткен брифингке қатысып, шенділерге сауал қойған.
Айта кету керек, бұл блогерлерге қатысты бопса айыбымен қозғалған алғашқы іс емес. Осының алдында тағы сол Шымкентте Рүстем Әшетаев есімді блогердің бір пәшкі доллармен ұсталғанын хабарлаған едік.
Ertenmedia-ға жеткен мәлімет бойынша, бетімен кеткен блогерлердің дәуірі келмеске кетейін деп тұр. Билік осы арқылы бопсаны табыс көзіне айналдырған қауымға ескерту жасауда. Ақорданың идеологиялық блогы бопсалағыш блогер, ақыл айтқыш коуч пен әсіредіншілдердің кислородын жабуға шешім қабылдаған.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.

