Астананың Промышленный тұрғын алабындағы жұрт он жылдан бері силикат кірпіш зауытының түтінімен тыныстап келді. Жергілікті тұрғындар денсаулыққа зиян екенін айтып, жылдар бойы дабыл қақты.
Зауыт мұржасынан шыққан шаң-тозаң, өткір иіс пен көк түтін айналаны басып, мұндағы 30 мың адамның өмір сүру сапасын айтарлықтай нашарлатқан еді. Ақыры бұл түйткілдің түйіні тарқатылды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Әкімдік пен Экология министрлігі өндірісті жабу үшін сотқа бірнеше рет жүгінген болатын. 2022 жылы зауыт жұмысы уақытша тоқтатылғанмен, көп ұзамай қайта іске қосылды. Дегенмен билік тұрғындар талабын ескеріп, мәселені біржола шешуге биыл қайта кірісті. Әкімдік шілде айында зауытты қаладан тысқары аумаққа көшіруді талап етіп, сотқа шағым түсірді.
Бұл жолы сот билік пен халық талабын толық қолдап, зиянды өндірісті басқа аумаққа ауыстыру туралы шешім шығарды. Әзірге бірінші инстанцияның шешімі жарияланды. Әкімдік талаптары заңды күшіне ену үшін әлі қалалық соттың қарауынан өтуі тиіс.
Өндіріс иелеріне басқа жер телімі ұсынылып, өтемақы төленген. Бірақ зауыт басшылығы осы уақытқа дейін көшуге қарсылық білдіріп, өндірісті қала ішінде сақтап қалуға әрекеттенген еді.
Ғалымдар зауыттан шығатын шаңның құрамында күкірт диоксиді, кварц бөлшектері, фтор және көміртек оксидтері секілді аса зиянды химиялық заттардың барын дәлелдеп берген болатын.
Бүгінгі шешім – жай ғана сот үкімі емес, халықтың денсаулығы мен таза ауаның жеңісі. Он жылдық күрес ақыры нәтижесін берді. Астана тұрғындары енді таза аспан астында тыныстайтын болады.
Бұған дейін Маңғыстауда жылыту пешінен ақау шұғып, бір отбасы ажал құшқан еді.

