Астанада өткен ауыл шаруашылығы саласы қызметкерлерінің II форумында президент Тоқаев жер мәселесін реттеуге қатысты бірқатар тапсырма берді деп жазады Ertenmedia.
Президент бұған дейін пайдаланылмай, заңсыз иемденген жер телімдерін мемлекет меншігіне қайтаруды тапсырған еді. Мемлекет басшысының айтуынша, осы тапсырма аясында 2022 жылдан бері мемлекетке 14 миллион гектардан астам ауылшаруашылық жерлері қайтарылған.
«Жер халықтың игілігі. Жер телімдері еңбек етемін деген, шаруашылық жүргізуге ниетті азаматтарға берілуі тиіс екенін бірнеше рет айттым.
Өкінішке қарай, бұл жұмыс өте баяу жүріп жатыр. Сондықтан биылғы Жолдауда келесі жылдың ортасына дейін мемлекетке қайтарылған барлық жерлерді толықтай айналымға енгізуді тапсырдым.
Әкімдіктер ұсынған жоспар қағаз жүзінде қалмауы керек. Ең басты міндет жерді қайтадан игерусіз бос жатқызбау», – деді Тоқаев.
Президент мал шаруашылығын дамытуға арналған арнайы жоспар әзірленіп жатқанын да атап өтті. Жоспар бойынша жайылым жерлер ауыл тұрғындарына және оны игеруге нақты жоспары бар инвесторларға берілмек. Құжаттың өзі 2026 жылдың ортасында қабылданады.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы жердің кепілдік құнының төмендігі мәселесіне де тоқталды. Қазіргі жерді кадастрлық бағалау жүйесі нарықтағы нақты жағдайға мүлде сай келмейді. Осыған байланысты президент үкіметке жердің кадастрлық құнын есептеу әдістемесін қайта қарауды тапсырды.
«Қолданыстағы жүйе қазіргі заманғы шаруашылықтарды құруға кедергі келтіріп отыр. Сондықтан келесі жылдың соңына дейін жер ресурстарының бірыңғай цифрлық картасын әзірлеуді тапсырдым. Тиісті министрліктер бұл мәселе бойынша жеті күн ішінде атқарылған жұмыс туралы есеп беруі тиіс», – деді президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев жерді бөлу процесін электронды конкурс арқылы өткізуді міндеттеді. Жер телімін алған адамның басты міндеті оны тиімді игеру және мақсатты пайдалану.
«Жер ресурстары мониторингінің қазіргі тәсілдері ескірген. Бұл жер телімдерінің пайдаланылуын толық бақылауға және игерілмеген жерді дер кезінде мемлекетке қайтаруға мүмкіндік бермей отыр. Сондықтан жер бөлу процесіне қатысты барлық ақпарат халыққа ашық болуы тиіс», – деп түйіндеді президент.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.

