Қазақстанда 2026 жылдан бастап жеңілдетілген декларация бойынша арнайы салық режимімен жұмысын жалғастырғысы келетін кәсіпкерлер екі ай ішінде салық органдарына арнайы хабарлама тапсыруға міндетті болады, деп хабарлайды Ertenmedia.
Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитетінің арнайы салық режимдерін әкімшілендіру басқармасының басшысы Ерқанат Шынберген мәлімдеді.
Жаңа Салық кодексінің талабына сәйкес, жеңілдетілген декларация негізіндегі арнайы салық режимін қолдануға барлық кәсіпкерлердің құқығы бар, тек бұл тізімге арнайы тыйым салынған бизнес түрлері енбейді.
Ерқанат Шынбергеннің айтуынша, жеңілдетілген салық жүйесінде жұмыс істеп жатқан немесе осы жүйеге көшуге ниетті кәсіпкерлер 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап екі айдың ішінде 1 наурызға дейін салық органдарына хабарлама жіберуі тиіс.
«Кәсіпкер хабарламаны уақытында өткізбесе, 1 наурыздан бастап автоматты түрде жалпы белгіленген салық режиміне көшіріледі. Бұл ретте кәсіпкердің салық міндеттемелері 1 қаңтардан бастап жалпы тәртіп бойынша есептеледі», – деп түсіндірді комитет өкілі.
Шенеунік кәсіпкерлерге ыңғайлы болу үшін қазір арнайы онлайн-сервистер дайындалып жатқанын айтты. Бұл қызмет түрі арқылы хабарламаны банктердің мобильді қосымшасы арқылы бір шертіп жіберу қарастырылуда.
«1 қаңтарға қарай барлық кәсіпкерлерге ескерту жіберіп, бір клик арқылы хабарлама тапсыру мүмкіндігін іске қосамыз», – деді Ерқанат Шынберген.
Еске сала кетейік, Қазақстанда жаңа Салық кодексі 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. Жеңілдетілген декларация негізінде жұмыс істейтін кәсіпкерлер қосымша құн салығы мен әлеуметтік салықтан босатылады.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.
Өрттен кейінгі өре түрегелу: Бозымбаев жаппай тексеріске пәрмен берді

