Ақтаудағы әскери гарнизонда ерекше бір күн өтті. Әдетте сырт көзге жабық саналатын казармалар, оқу корпустары мен жаттығу алаңдары аналар үшін ашық есікке айналды. «Әскер аналар көзімен» акциясы аясында ұйымдастырылған шарада сарбаздардың туыстары, аналар мен апалар, өз перзенттерінің қызмет жағдайын өз көздерімен көріп, көкейдегі сауалдарына жауап алды. Осы бір сенімді, жылылық пен жауапкершілікті ұштастырған басқосуға Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары, вице-адмирал Серік Борамбаевтың өзі арнайы келді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Онымен бірге «Батыс» өңірлік қолбасшылығының басшысы, генерал-майор Бауыржан Артықов пен Ақтау гарнизонының әскери прокуроры әділет майоры Саян Акиров те сап түзеді. Жергілікті әскери бөлім, полиция мен тергеу басқармасының өкілдері де аналар алдында есеп берді.
Қызмет орнын аралау кезінде ата-аналарға казармалардың тазалығы, сарбаздардың жатын орны, оқу сыныптары, ақпараттық-тәрбие бұрыштары көрсетілді. Әсіресе, сарбаздардың асханасына кіру, олармен бірге отырып ас ішу аналар үшін көңілге медет, көкейге сенім берген сәт болды. Әскер тәртіптің, төзімділіктің мектебі десек, бүгінгі көрініс аналарға ұлдарының амандығына көз жеткіздірді.
– Барлығын өз көзімізбен көрдік. Өзімізді мазалаған сұрақтар жауапсыз қалған жоқ. Ұлымның жетістігі үшін алғыс хат алғаным – мен үшін үлкен мәртебе. Аналар үшін басты тілек – баланың амандығы. Жаңадан әскерге барған барша бозбалаларға тек сәттілік тілеймін, – деді сарбаз анасы Үміт Бахитова.
Шара соңында үздік сарбаздардың ата-аналарына арнайы марапаттар табысталды. Бұл – Отан алдындағы борышқа ғана емес, оны адалдықпен өтеп жүрген жасқа сенім білдірудің белгісі.

Осы шараға атсалысып жүрген азаматтардың бірі Маңғыстау облысы бойынша «Аналар жүрегі» сарбаз аналары комитетінің өкілі Гүлмира Жанысбаева. Ол көптеген жылдар бойы әскер мен қоғам арасындағы байланысты нығайту жолында аянбай еңбек етіп келеді. Оның мақсаты – тек сарбаздарға ғана емес, олардың артында тұрған отбасыға да жанашырлықпен қарау, әйелдерді патриотизмге баулу.
– Әскердегі ашықтық сенімнің бастауы. Ананың жүрегі алаңсыз болса, сарбаз да рухани мықты болады, – деді шара барысында Гүлмира Жанысбаева.
Мұндай кездесулердің маңызы зор. Себебі сарбаздың артында тек рота емес, оның тілеуін тілеген анасы бар. Ал ана көзімен көрілген тыныштық – ең сенімді кепіл.

