Ақтауда «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының аясында «Президент паркі» аумағына 100 түп ағаш отырғызылды. Бастаманы «Mangistau Energo Munay» қолға алып, өңір экологиясын жақсарту мен жасыл желекті көбейтуге бағытталған шараға 40 қызметкер қатысқан, деп жазады Ertenmedia.kz.
Паркке жергілікті климатқа төзімді акация, қараағаш, сафора және вязь ағаштары отырғызылды. Мамандардың айтуынша, соңғы жылдары аптап ыстық күшейіп, жасыл аймақтардың азаюы экологияға әсер ете бастаған.
Әрбір егілген ағаш тек көлеңке емес, ауаның сапасын жақсартатын, қаланың тынысын реттейтін маңызды элемент. Сондықтан бұл шараны шағын бастама деп қарауға болмайды, ол қоршаған ортаны қорғауға деген көзқарастың өзгеріп келе жатқанын байқатады.
«Mangistau Energo Munay» компаниясының өкілдері бұл жұмыс жалғасын табатынын айтты. Бұған дейін жастар командасы теңіз жағалауындағы сенбіліктерге қатысып, қоқыс жинау жұмыстарын жүргізген.
Қазір ағаш отырғызуға көшті. Компания өкілдерінің айтуынша, экологияны жақсарту үшін науқан ғана емес, нақты жоспар қажет. Сол себепті экологиялық челленджді басқа ұйымдарға жолдау бастамасы көтерілуде. Бұл аймақ ішінде ортақ әрекет жасау мәдениетін қалыптастыруға ықпал етуі мүмкін.
Ақтаудағы ағаш егу шарасы жергілікті тұрғындарға үміт бергендей. Қаладағы жасыл аймақтар көбейсе, жаздың аптабында сая болатын жер де артады. Бір түп ағаштың көлеңкесі бүгін емес, ертең пайда береді. Сол себепті егілген әрбір ағаштың артында ертеңді ойлаған ниет жатыр.

