Бектенов Үкіметі ел дамуын бағалауда жаңа әдістемеге көшеді, деп хабарлайды Ertenmedia.
Ұлттық экономика министрі, вице-премьер Серік Жұманғариннің айтуынша, Үкімет бұдан былай елдің экономикалық даму деңгейін жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) көлемімен емес, оның сапасымен өлшейді. Енді даму көрсеткіштерін жоспарлағанда және бағалағанда адам капиталының сапасы, негізгі капитал, табиғи ресурстар, технологиялар мен еңбек өнімділігі сияқты негізгі факторлар ескеріледі.
Жаңа тәсіл «өсу декомпозициясы» әдістемесіне негізделген. Яғни, экономика өсімінің нақты қай фактордың есебінен жүзеге асып отырғаны терең талданып, бағаланады.
Министрдің мәлімдеуінше, алдағы уақытта негізгі индикатор ретінде «жиынтық өнімділік» көрсеткіші алынады. Ол еңбек пен капиталдың қаншалықты тиімді қолданылғанын және елдегі технологиялық прогрестің нақты деңгейін көрсетеді. Статистика бойынша, 2001-2024 жылдар аралығында дәл осы өндірістің тиімділігі Қазақстан экономикасының басты қозғаушы күші болған.
Үкімет халық табысын арттыру мақсатында жұмыспен қамтуды қолдау бағдарламаларын жалғастырып, экономикалық белсенділігі төмен аймақтарға ерекше көңіл бөлмек.
Жұманғарин әлеуметтік көмек көрсету жүйесін одан әрі жетілдіру арқылы, мемлекеттік қолдауды шынайы мұқтаж азаматтарға жеткізуге басымдық берілетінін атап өтті.
«Әлеуметтік төлемдердің ашық әрі дәл тағайындалуы үшін цифрлық технологияларды жаппай енгіземіз. 2027–2028 жылдары ең төменгі жалақы мөлшерін көтеру мәселесі де қарастырылады. 2026–2028 жылдары халықтың нақты табысы жыл сайын орта есеппен кемінде 2–3%-ға өсетін болады», – деді Серік Жұманғарин.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.

