Қазақстанда әскери білім беру жүйесі кадр даярлаудан бөлек, елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін маңызды тірек салаға айналып отыр. Қазіргі замандағы соғыстың сипаты өзгерген сайын армияның да заман талабын сай өзгеруі керек екенін бәріміз жақсы түсінеміз. Өзгеріс ең алдымен оқыту жүйесінен басталатынын ескерсек, елімізде офицер даярлау бағдарламалары қаншалықты жаңарды деген сұрақ туындайды. Осы ретте Ertenmedia тілшілері елімізде киберқауіпсіздік, радиоэлектрондық барлау сынды жаңа мамандықтар Қарулы күштер саласына қалай енгізіліп жатқанын білуге тырысты. Әскери білім мен ғылымның қай деңгейде дамып жатқанын білу үшін ҚР Қорғаныс министрлігі жанындағы Әскери білім және ғылым департаментінің басшысы Мұрат Олжабаевқа көкейге тұнған сұрақтарымызды қойып, тұщымды жауап алдық. Енді соған назар аударсаңыздар.
– Мұрат Қуатбекұлы, қазіргі соғыстардың сипаты өзгергенін байқап отырмыз. Сіздің ойыңызша, Қазақстанның әскери білім жүйесі жаңа жағдайға бейімделіп үлгерді ме?
– Бүгінде соғыс танк пен мылтықпен шешілетін кезеңде тұрған жоқ. Оны жұрттың бәрі біледі. Сондықтан әскери білім жүйесін де тоқтатпай, жаңарту қашан да маңызды. Еліміздің Әскери доктринасында білім мен ғылым қауіпсіздіктің негізгі тірегі ретінде анық көрсетілген. Қазіргі заманда армияны тек техникамен күшейту жеткіліксіз, ең бастысы білікті маман. Осы міндетті іске асыру үшін әскери оқу орындарын жаңарту ісі кең көлемді түрде қолға алынып, жүзеге асып жатыр.
– Әскери мамандарды даярлайтын оқу орындардың саны қанша?
– Елімізде Қорғаныс университетінен бөлек 5 әскери институт және 5 әскери колледж бар. Олар әр өңірде орналасқан және функционалдық міндеттері бөлек. Мысалы, Құрылық әскерлері институты 7 мамандық, 17 біліктік бойынша офицер әзірлейді. Алматы қаласындағы Әуе қорғанысы институтында 7 мамандық, 14 біліктілік бойынша білім беріледі. Ал Радиоэлектроника және байланыс әскери инженерлік институтында 9 мамандық, 16 біліктілік бойынша мамандар даярланып жатыр.
Теориясыз офицер болмайды, бірақ тек теориямен де армияны ұстап тұру қиын. Аталған оқу орындарды білім алатын курсантарымыз жыл сайын «Айбалта», «Каратау», «Взаимодействие», «Боевое содружество» секілді ірі жаттығуларға қатысып, машықтарын шыңдайтынын айта кетуіміз керек. Бұл олардың болашақ қызметін нақты жағдайда сезінуіне мүмкіндік береді.
– Жаңа заманға қажет мамандықтар енгізіліп жатыр ма?
– Иә, соғыстың сипаты өзгерген сайын мамандық та жаңаруы тиіс. Мәселен, құрлық институтында материалдық-техникалық қамтамасыз ету кафедрасы ашылды. Әуе қорғанысы институтында дрондарды басқару мамандығы оқытыла бастады. Ал Радиоэлектроника институтында радиоэлектрондық барлау, ақпаратты қорғау, криптология, автоматтандырылған басқару жүйесі бағыттары енгізілді. Қазір әскери маман тек командир емес, инженер, сарапшы, байланысшы, оператор болуы керек.
– Азаматтық университеттермен байланыс бар ма?
– Бар. Спорт және туризм академиясында, Логистика және көлік академиясында, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да курсантар қосымша пәндер оқып, қос диплом алады. Бір ғана әскери ортада қалмай, азаматтық біліммен де қабат дамуға мүмкіндік беріледі.

– Халықаралық тәжірибенің рөлі қандай?
– Бұл стратегиялық бағыт. Ұжымдық қауіпсіздік келісім шарты ұйымы арқылы Тәжікстан мен Қырғызстанның курсанттары бізге келіп оқып жүр. Ал біздің 400-ден астам курсант Түркия, Қытай, Корея, Әзербайжан, Ресей, Беларусь елдерінде оқиды. Қазақстанда жоқ мамандықтарды шетелден меңгеріп келеді. Бұл тек білім емес, әскери дипломатияның жұмысы.
– Демек, әскери білім тек форма мен жарғы емес екені анық?
– Дәл солай. Армияның болашағы кадр сапасына байланысты. Бұрын офицер тек бұйрықты орындаушы болса, қазір шешім қабылдайтын маман болуы керек. Киберқауіптен бастап материалдық логистикаға дейін меңгермесе, ертеңгі соғыс алаңында үлкен қиындықпен бетпе-бет келеді. Сол үшін біз әскери білімді жаңа кезеңге дайындап жатырмыз.
– Мұрат мырза әскери маман ретінде айтыңызшы, қазіргі заманның «жаңа офицер» қандай болуы тиіс?
– Бұрын офицер деген атақ шені бар, тәртіпке бағынатын адам деп қабылданса, қазір оның рөлі әлдеқайда күрделі. Қазіргі заманның офицері тек қаруды меңгеріп қана қоймай, геосаясатты түсінуге, ақпаратты талдауға, технологиямен жұмыс істеуге міндетті. Соғыстың сипаты өзгерсе, командирдің бет-бейнесі де өзгеруі тиіс.
Қазіргі заманның офицерлері ұрыста салмақты, кабинетте ойлы, технологияда сауатты болуы керек. Бұл бүгінгі офицерге қойылған ең қысқа әрі нақты талап деп білемін.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Жарбол КЕНТҰЛЫ

