Кең далаға ие Қазақстан үшін агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың маңызы зор. Себебі ауыл шаруашылығы бізде тек экономикалық көрсеткіш емес, елдің азық-түлік қауіпсіздігі, ауылдағы жұмыспен қамту, өңірлердің әлеуметтік жағдайы, тіпті ішкі саяси тұрақтылықпен тікелей байланысты.
Ең алдымен, агроөнеркәсіптік кешен азық-түлік қауіпсіздігінің негізі. Егер ел ішкі сұранысты өз өнімімен жауып отырса, әлемдік нарықтағы баға құбылуы, логистикадағы қиындықтар, санкциялық текетірестер азық-түлікке қатты соққы болып тимейді. Қазақстанның жері кең, егістікке, мал шаруашылығына қолайлы аймақ көп.
Осы әлеуетті толық пайдалану арқылы бидай, ет, сүт, майлы дақылдар, көкөніс-құртпа өнімдер бойынша ішкі нарықты қамтып, артығын экспортқа шығару мүмкіндігі бар. Сол үшін агроөнеркәсіптік кешенді заманауи техникамен, сапалы тұқыммен, суару жүйелерімен, логистикамен бірге дамыту маңызды.
Екінші жағынан, ауылдағы жұмыспен қамту тікелей осы салаға тәуелді. Көп өңірде халықтың негізгі табыс көзі жер мен мал. Егер агробизнеске қолдау болса, шаруа қожалықтары күшейеді, қайта өңдеу кәсіпорындары ашылады, сервистік орталықтар пайда болады. Ауылдан қалаға жаппай көшу қарқынын тежейтін фактор. Ауылда тұрақты жұмыс, тұрақты табыс болса, әлеуметтік проблема да азаяды, жастардың «ауылдан қалайда кету керек» деген ойы бәсеңдейді.
Үшінші маңызды тұсы агроөнеркәсіптік кешен өңдеу өнеркәсібіне де тірек. Бидайды тек шикізат ретінде сатқаннан гөрі, ұн, макарон, мал азығы, крахмал, биоөнімдер түрінде өңдеп шығару елге әлдеқайда көп пайда әкеледі. Сол сияқты етті терең өңдеп, шұжық, консерві, жартылай фабрикат түрінде сату да қосылған құнды көбейтеді.
Жүгеріні терең өңдеу зауыттары, сүт өңдеу комбинаттары, май шығаратын кәсіпорындар –әрі агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың келесі сатысы. Яғни агросектор дұрыс дамыса, оның төңірегінде тұтас өңдеу индустриясы қалыптасады.
Төртіншіден, агроөнеркәсіптік кешен экспорттық әлеует. Қазақстан қазірдің өзінде бидай, ұн, кейбір майлы дақылдар бойынша шетелдік нарыққа шығып жүр. Егер өнім сапасы мен көлемі тұрақты болса, жаңа нарықтарға жол ашылады. Бұл шетел валютасының түсімін арттырады, төлем балансына оң әсер етеді. Бірақ экспортқа шыға беру үшін ішкі өндірісті жоспарлы дамыту, агрологистиканы реттеу, шекарадағы рәсімдерді жеңілдету сияқты қосымша қадамдар қажет.
Тағы бір қыр ауылдағы инфрақұрылым. Агроөнеркәсіптік кешенге инвестиция барған жерде жол, электр желісі, су, байланыс мәселесі де біртіндеп шешіледі. Зауыт, қойма, жылыжай, ферма салынса, сол маңдағы ауылдарда мектеп, емхана, әлеуметтік нысандарды жаңарту қажеттілігі артады. Яғни агросекторды дамыту ауылдың жалпы өмір сапасын көтерумен тең.
Сонымен бірге агроөнеркәсіптік кешен ғылым мен технологияны қажет ететін сала. Құр «жер жыртып, дән шашу» әлдеқашан келмеске кеткен. Дәл егіншілік, дрон арқылы бақылау, тамшылатып суару, селекция, ветеринарлық қауіпсіздік мұның бәрі білім мен жаңа технологияға сүйенеді. Сондықтан агросекторды дамытуда аграрлық ғылымды, агроинженерлер мен техниктерді, агрономдар мен ветеринарларды даярлауға баса көңіл бөлуіміз керек.
Қорытындылап айтқанда, Қазақстанда агроөнеркәсіптік кешенді дамытуының маңызы үш үлкен сұраққа тіреледі. Олар халықтың тамағы, ауылдың тынысы, экономиканың тұрақтылығы. Осы үшеуі бірге болған жерде елдің болашағы берік болады.

