Анкарада ТҮРКСОЙ ұйымында түркі халықтарының мәдениетіндегі ана бейнесіне арналған «Түркі әлемінің аналары: дәстүр және қазіргі заман» халықаралық дөңгелек үстелі мен көрме өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Шара түркі өркениетіндегі ананың рухани болмысын, даналық пен мейірімділікті дәріптеуге бағытталды. Оған Қазақстан, Түркия және Түрікменстанның мемлекеттік органдары, ғылыми және қоғамдық ұйым өкілдері қатысты.
Жиынды «Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігінің Басқарма төрағасы Мұрат Молдағалиев ашты. ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев түркі әйелдерінің рухани көшбасшылығына жоғары баға беріп, қатысушыларды алғыс хаттармен марапаттады.
Түркияның Отбасы және әлеуметтік қызметтер вице-министрі Леман Йенигүн ана ұғымының түркі халықтарында отбасының ғана емес, ұлттың тірегі екенін, тарихи жазбалардан бастап бүгінге дейін даналық пен ерліктің символы ретінде сипатталғанын атап өтті. Ол Түркияның әлеуметтік саясаттағы тәжірибесімен бөлісуге дайын екенін айтты.
Қазақстан халқы Ассамблеясы Республикалық Аналар кеңесінің төрағасы Назипа Шанаи ТҮРКСОЙ аясында аналарға арналған халықаралық ұйым құруды ұсынды. Оның пікірінше, бұл ұйым рухани мұраны сақтау мен гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуға септігін тигізеді.
Шарада ҚР Ұлттық музейі директорының орынбасары Ақмарал Ибраева, Түрікменстанның ТҮРКСОЙ-дағы өкілі Лачин Овазгельдиева, ЮНЕСКО қолдауындағы орталық өкілі Салтанат Әшімова, Түркияның Әділет және даму партиясының Түркі мемлекеттерімен байланыстар жөніндегі өкілі Решиде Юксель сөз сөйледі.
Лачин Овазгельдиева Түрікменстанның отбасы және ана саясаты жөніндегі мемлекеттік шараларымен таныстырды.
Салтанат Әшімова ақын, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтің ТҮРКСОЙ-ға жолдаған алғыс хатын оқып беріп, осындай шаралардың маңызына тоқталды.
Решиде Юксель қазақ халқының Томирис, Домалақ ана, Айғаным ханым, Мәншүк пен Әлия сынды тұлғаларын, сондай-ақ Анадолының Нене Хатун, Фатма Сехер Эрден және Халиме Чавуш секілді батыр аналарын атап өтті. Олардың ерлігі түркі әйелдерінің ортақ бейнесін айқындайтынын жеткізді.
Дөңгелек үстелде түркі халықтарының анаға құрмет көрсету дәстүрі, әйелдердің қоғамдағы орны, ұлттық құндылықтарды сақтау тәжірибелері талқыланды. Гуманитарлық, мәдени және білім салаларында бірлескен жобалар әзірлеу ұсынылды.
Жиын соңында Түркі әлемінің әйелдер Одағын құру туралы бастама көтерілді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







