Елде жұмыспен қамту саясаты біртіндеп жалаң есептің көлеңкесінен шығып, нақты нәтижеге қарай ойысып жатыр. Ресми дерек бойынша, жоспарланған көрсеткіштің 73 пайызы орындалып, жыл басынан бері 480 мыңнан астам адам тұрақты жұмысқа орналасқан. 2029 жылға дейін Үкімет тағы 3 миллион адамды жұмыспен қамтуды межелеп отыр. Әлеуметтік осал топтарға 1,5 млн теңгеге дейін қайтарымсыз грант беру тетіктері халықты жұмыспен қамтуда маңызды роль атқаруда. Осыған байланысты Алматы қаласы бойынша Кәсіпкерлер палатасының қызметкері Жанар Ибарагимовамен әңгімелесіп, грант пен жұмыспен қамту тетіктерінің нақты қалай жүзеге асып жатқанын сұрадық.
– Жанар ханым, бүгінгі жұмыспен қамту көрсеткіштері мен жалпы ұлттық мақсаттар туралы толығырақ айтып бересіз бе?
– Жалпы алғанда, жұмыспен қамту саясатының негізгі бағыты түсінікті. Азаматтарды уақытша жұмысқа емес, тұрақты табыс көзімен ақмту көзделген. Биыл республикалық деңгейде жоспардың 73 пайызға орындалғанын ҚР Еңбек және халықты әлеуметті кқорғау министрі Светлана Жақыпова айтты. Бұл жай статистика болып көрінгенімен, артында нақты адамдардың тағдыры бар. Жыл басынан бері 480 мыңнан астам азамат ресми түрде тұрақты жұмысқа орналасқан. Әлеуметті косал топтарды жұмыспен қамту ісі тек мемлекеттік секторда емес, негізінен шағын және орта бизнестің арқасында жүзеге асып жатыр.
Ұлттық деңгейде 2029 жылға дейін 3 миллион адамды жұмыспен қамту мақсаты қойылды. Бұл өте үлкен жоспар, оны орындау үшін тек классикалық бос жұмыс орындарына сүйену жеткіліксіз. Сондықтан кәсіпкерлікті дамыту, оның ішінде өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған азаматтарды заңдастыру, олардың ісін өсіру бағытына ерекше көңіл бөлініп отыр. Алматы сияқты мегаполистерде қызмет көрсету, сауда, креативті индустрия, ІТ, шағын шеберханалар арқылы жаңа жұмыс орындары ашылуда.
Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасы үшін басты міндет – осы мемлекеттік бағдарламаларды бизнес тіліне «аудару», кәсіпкерлер мен жұмыс іздеушілерге түсінікті ету. Біз азаматтарға қайда жүгіну керек, қандай құжат қажет, қандай қолдау бар деген нақты сұрақтарына жауап беруге тырысамыз. Сонда ғана ұлттық мақсат қағаздағы жоспар болып қалмай, жергілікті деңгейде іске асады.
– Қайтарымсыз гранттарды кімдер ала алады және әлеуметтік осал топтарға қойылатын негізгі талаптар қандай бүгінде нақты?
– Қайтарымсыз грант әлеуметтік осал санаттағы азаматқа берілетін, бірақ үлкен жауапкершілік жүктейтін мүмкіндік. Қазір 1,5 млн теңге көлеміндегі гранттар, ең алдымен, ресми түрде жұмыссыз ретінде тіркелген, жергілікті жұмыспен қамту орталығында есепте тұрған адамдарға беріледі.
Әлеуметтік осал топтың қатарына атаулы әлеуметтік көмек алушылар, көпбалалы отбасылардың мүшелері, мүгедектігі бар азаматтар, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-аналар, қандастар, қоныс аударушылар, аз қамтылған отбасылар, асыраушысынан айырылған азаматтар кіреді.
Министрлік мәліметіне сүйенсек, соңғы кезеңде 4 мыңнан астам адам осындай грантқа қол жеткізген. Оның басым бөлігі шағын өндіріске, технологиялық жабдық алуға, қосалқы шаруашылық ашуға бағытталыпты. Мысалы, біреу тігін цехын ашады, біреу наубайхана, біреу кішкентай СТО немесе шаштараз, енді бірі жылыжай, құс немесе мал шаруашылығын жолға қояды.
Маңызды шарттың бірі грант «жай көмек» емес. Оны жалақы төлеуге, несие жабуға, ипотека өтеуге жұмсауға болмайды. Бұл талап түсінікті, мемлекет адамның қолына бір реттік қаржы беріп, оны табыс әкелетін активке айналдырғанын қалайды. Грант алушы өз жобасына өзі жауап береді, сондықтан әлеуметтік осал топқа жату жеткіліксіз, бизнес-идея нақты және іске асыруға дайын болуы керек.
– Грант алу процесі қалай жүріп жатыр, өтініш беру қадамдары мен мерзімдерін оқырмандарға анық етіп түсіндірсеңіз.
– Ең бірінші қадам жергілікті жұмыспен қамту орталығына барып, жұмыссыз ретінде тіркелу. Одан кейін азамат «Бастау бизнес» жобасының курсына қатысуға жазылады. Қазір бұл курстар толық цифрландырылған, онлайн форматта да өтуге болады.
Курста бизнес-жоспар жазу, қаржы есептеу, нарықты бағалау, салық режимдерін түсіну сияқты базалық дағдыларды меңгереді. Курс аяқталған соң тыңдаушы арнайы сертификат алады, бұл грантқа өтініш берудің міндетті шарты.
Келесі қадам бизнес-жоспарды нақтылау және грант алуға өтініш беру. Өтінішті жұмыспен қамту орталығы арқылы немесе электронды платформа арқылы тапсыруға болады. Алматы қаласында азаматтар жиі кәсіпкерлер палатасына келіп, құжат толтыру, жоспарды түзету, шығын мен табысты есептеу бойынша кеңес алады. Біздің мамандар бизнес-жоспарды жергілікті нарыққа бейімдеуге көмектеседі.
Өтініш комиссия қарауына түседі. Әдетте 3 жұмыс күні ішінде құжаттар алдын ала тексеріліп, әрі қарай комиссия отырысына шығарылады. Комиссия құрамында мемлекеттік органдармен қатар, кәсіпкерлер палатасының өкілдері де болады.
Негізгі критерий жобаның шынайылығы, қаржының мақсатты жұмсалуы, адамның өзі бұл іспен айналысуға дайын екені. Грант берілген жағдайда қаражат арнайы шотқа түседі, ал кейін оның қалай жұмсалғанын тексеру мүмкіндігі бар. Мақсаттан ауытқыса, қаражатты кері қайтару талабы қойылуы мүмкін.
– Алматы кәсіпкерлер палатасы осы бағытта қандай қолдау көрсетіп, болашақ кәсіпкерлерге нені ұсынар едіңіз қысқаша айтсаңыз?
– Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының басты рөлі адам мен бағдарлама арасындағы көпір болу. Көпшілігі заң тілін түсіне бермейді, талап көп сияқты көрінеді, сол себепті жақсы идеясы бар адамдар қол қусырып қарап отырады.
Біз күн сайын жүздеген азаматқа тегін кеңес береміз. Қандай бағдарламаға сәйкес келетіні, грант па, жеңілдетілген несие ме, микрокредит пе соның бәрін түсіндіреміз. Қажет болса, бизнес-жоспар үлгісін береміз, бірге толтырамыз, тәуекелдерін талдаймыз.
Тағы бір бағыт кәсіпкерлерді оқыту. «Бастау бизнес» жобасының материалдарын түсіндірумен қатар, маркетинг, онлайн сату, салықтық есеп, жалдамалы жұмысшы алу, жалға алу шарттары сияқты практикалық тақырыптарда семинар өткіземіз. Себебі бизнесті бастау бір бөлек, оны ұстап тұру одан да қиын шаруа.
Болашақ кәсіпкерлерге айтарымыз грантты «бір реттік ақша» деп емес, кәсібіңе берілген мүмкіндік деп қараған жөн. Әуелі ұсақ кәсіптен бастаған дұрыс. Шағын шеберхана, қызмет көрсету, онлайн дүкен. Алдымен нарықты түсініп алған адам кейін несиені де, инвесторды да дұрыс пайдалана алады.
Біздің палатаның есігі ашық, әсіресе әлеуметтік осал топтағы азаматтар көп келе бастады. Олар үшін 1,5 млн теңге грант отбасының табысын өсіруге, өз ісін жолға қоюға нақты мүмкіндік. Ең бастысы – құжаттан қорықпау, сұрақ болса, уақтылы келіп кеңес алу. Мемлекеттің ұсынған мүмкіндіктері бар, енді соны бірге дұрыс пайдалануға тырысуымыз керек.
Сұхбаттасқан Айнұр ЖҰМАХАН

