Құтқарушылар күн сайын қауіп-қатердің ортасында жүреді. Осылайша олар елдің тыныштығын сақтауда. Зайсан ауданында 28 жыл бойы құтқарушы болып жүрген Бауыржан Оразғалиев солардың бірі. Әңгімесін тыңдасаң, қызық үшін емес, еңбектің қадірін түсесің.
– Адамды құтқару ең қауіпті мамандықтың бірі. Бірақ бала күнімде біреуге көмектессем деп ойлайтынмын. Әскерден келген соң төтенше жағдайлар бөліміне жұмысқа шақырды. Бәрі тез болып кетті. Сөйтіп жүріп 28 жыл өтіп кеткенін өзімде аңғармай қалдым, – дейді ол.
Құтқарушы үшін қауіптің үлкен-кішісі болмайды. Өрт те, су тасқыны да, аяз да қауіпті. Сондықтан біздер қауіпті бөліп-жарып қарай алмаймыз. Бұл салада жүрген азаматтардың бәрі қауіптің түріне емес, салдарына қарайды. Ал салдары ауыр болса уақытты ойлауға болмайды. Қандай жағдай болса да дайын болу керек. Бауыржанның есінде қалған оқиға көп. Әсіресе Зайсанның аязы.
– Бір жылдары 42 градус суық болды. Сол кезде ескі техниканың өзімен 18 адамды үсіп қалудан аман сақтап қалдық. Құрал аз болса да тоқтамадық. Қазір жағдай түзелді, техника жаңарды. Бірақ суықтың беті қайтқан емес, – дейді құтқарушы.
Құтқарушының жұмысын сапалы техника мен ұзақ жылғы тәжірибе ғана жеңілдетеді. Бауыржан Оразғалиев орман өрті кезінде аяқ астынан жел бағытын өзгертіп, бір құтқарушылардың қызыл жалынның ортасында қалған айтты.
– Артқа қадам жасасақ жалын, алға жүрсек те жалын. Бір мезетте өзімізді сабырға шықырып, жалыннан құтылудың амалын іздедік. Іс-тәжірибеге сүйеніп, баяу қимылдап оттың арасынан аман шыққан кезім есімде, – дейді құтқарушы ағамыз.
Еңбек шаруасы жай күнде байқалмайды. Бірақ қиындық келгенде халық оны іздейді. Сол кезде телефон соғады, мекенжай береді, әрі қарай сұрақ болмайды. Өйткені әр минуттың құны бар.
Құтқарушылар өз ісін батырлық демейді, жай ғана адал еңбек деп біледі. Бірақ еңбегінің салмағы үлкен.
– Еңбек жүрекпен орындалуы керек. Сонда ғана адамға құрмет пайда болады. Біз үшін халыққа адал қызмет ету басты міндет, – дейді Бауыржан Оразғалиев.
Оның еңбегіне көзбен емес, көңілмен қараған дұрыс. Себебі бір адамның өмірі кейде бір шешімге байланысты болары сөзсіз. Көпшілікке таныс емес, бірақ елдің тыныштығын қорғайтын жұмысшылар. Олардың еңбегін атақпен емес, құрметпен бағалау қажет.

