Жетісу облысында Қазақстан–Қытай шекарасындағы созылмалы кептелісті жойып, өткізу қабілетін күрт арттыру мақсатында ауқымды жұмыс қолға алынды, деп хабарлайды Ertenmedia.
Үкімет отырысында сөз сөйлеген аймақ басшысы Бейбіт Исабаев «Қорғас түйіні» трансшекаралық хабының жаңартылған даму тұжырымдамасын таныстырды.
Оның айтуынша, өңірде инфрақұрылымды жаңарту, инвестиция тарту және жүк өңдеу мүмкіндігін арттыру қарқынды жүргізілуде.
«Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы мен «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы орталығында жалпы құны 76 млрд теңге болатын 40 жоба іске қосылып, екі мыңнан астам жұмыс орны ашылған. 2027 жылдың соңына дейін тағы 65 жоба жүзеге асып, 1,1 трлн теңге инвестиция құйылмақ. Соның нәтижесінде қосымша 9 мың адамға жұмыс табылады», – деді Исабаев.
KTZE – Khorgos Gateway құрғақ портында да ауқымды модернизация жүріп жатыр. Теміржол желісінің екі тармағы қайта жөнделіп, қосымша сегіз жаңа жол іске қосылған. Қазір мұнда барлығы 16 теміржол тармағы жұмыс істеп тұр. Соның арқасында терминалдың өткізу мүмкіндігі бір жарым есеге өскен.
Сонымен қатар, SKYHANSA компаниясына халықаралық жүк-жолаушылар әуежайын салуға 800 гектар жер бөлініп, қазір инженерлік инфрақұрылым бойынша жобалық-сметалық құжаттар дайындалуда.
Бұған дейін ұзын-сонар кезектің құрсауынан шыға алмаған «Нұр жолы» өткізу бекетіне де ерекше назар аударылған. Қазір мұнда көлік қозғалысы оңтайланып, өткізу процестері цифрландырылуда. Электронды кезек жүйесі мен тәулік бойы жұмыс режимі енгізілген.
«Осының нәтижесінде тәулігіне көлік өткізу көлемі екі есе ұлғайып, қазір 1,2 мың автомобильді құрап отыр», – деді Исабаев.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан–Қытай шекарасындағы жағдай күрделеніп, азық-түлік тиелген жүк көліктері күндеп кептелісте тұрған еді. Жүк тасымалдаушылардың көлігі жанармайсыз қалып, жүргізушілер суықта далада түнеуге мәжбүр болған.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.

