Жаңа оқу жылынан бастап мектептердегі тәрбие жұмысы «Адал азамат» бағдарламасына сүйеніп жүргізіле бастады. Оқушылар еңбекті құрметтеуді, ұлттық құндылықтарды бағалауды, айналасындағы адамдарға жауапкершілікпен қарауды мектеп қабырғасынан-ақ үйренуі тиіс. Осы тақырып төңірегінде Ertenmedia.kz тілшілері Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының вице-президенті Анар Тәңірбергеновамен сөйлескен едік. Енді соаған назар аударсаңыздар.
– Анар ханым, «Адал азамат» бағдарламасын неге дәл қазір мектепке енгізу маңызды деп ойлайсыз, негізгі мақсаты қандай?
– Соңғы жылдары балалардың ақпараттық ортасы қатты өзгерді. Әлеуметтік желі, қысқа видео, әртүрлі ойындар баланың назарын үнемі бөліп отыр. Осындай кезде қоғам өз тарапынан айқын құндылық ұсынбаса, бос кеңістікті сыртқы ықпалдар толтырады.
Біз үшін «Адал азамат» бағдарламасының негізгі мақсаты баланың күнделікті өміріне нақты, түсінікті құндылық енгізу. Адалдық, еңбекқорлық, отансүйгіштік, үлкенге құрмет, кішіге қамқорлық сияқты қарапайым ұстанымдар мектептің күнделікті өмірінде көрінуі тиіс. Бағдарлама дәл қазір енгізіліп отырғаны да сондықтан. Қоғамдағы өзгерістерге қарап, тәрбие бағытын жаңаша ойластыру қажет деген шешімге келдік.
– Дизайн-код дегенде нені түсінеміз, мектеп дәлізі, сынып, асхана, спорт залы осы тұжырымдамаға қалай толық бағынады?
– Дизайн-код дегеніміз мектеп ішіндегі әр кеңістіктің қандай ой жеткізетінін алдын ала жоспарлау. Бұрын қабырғаға не ілінсе, соны көріп үйрендік. Қазір олай қарауға болмайды.
Дәліздегі сурет те, жазу да, түс те балаға әсер етеді. Сондықтан әр аймақтың өз міндеті бар. Асханада тәртіп, тазалық, ысырапшылдықтан сақтану туралы қарапайым, түсінікті ережелер көрінеді.
Спорт залында төзімділік, командаға сену, қарсыласқа құрмет көрсету идеясы көрсетіледі. Пән кабинеттерінде сол салаға қатысты тұлғалар, формулалар, анықтамалар, қазақ және әлемдік ғылымның үздік үлгілері беріледі.
Барлығы бір стильде, көзді шаршатпай, бірақ ой салатын деңгейде безендіріледі. Осылайша дизайн-код оқушыға күнде үнсіз жұмыс істейтін тәрбие құралына айналады.
– Қазір мектеп қабырғасында технология, стартап, шетел тұлғалары туралы баннер көп, жаңа дизайн-код осы тепе-теңдікті қалай өзгертеді?
– Технологияны көрсету керек, оны ешкім жоққа шығармайды. Баланың цифрлық дағдысын, ғылым мен техникаға қызығушылығын қолдау маңызды. Бірақ соның арасында өзі өскен елдің тарихын, тілі мен мәдениетін, еңбек адамын ұмыт қалдырмау қажет.
Бұрын баннерлерде көбіне шетелдік тұлғалар, ағылшын тіліндегі ұрандар басым болып кетті. Жаңа дизайн-кодта тепе-теңдікті түзетуге тырысып отырмыз.
Қазақтың ұстаздарын, ғалымдарын, жазушыларын, қарапайым еңбек адамдарын да алдыңғы қатарға шығарғымыз келеді. Бала мектеп қабырғасынан өзіне ұқсайтын, өз ортасына жақын үлгіні көргені дұрыс. Сол кезде технология да, ұлттық тамыр да қатар көрінеді. Осы жолды дұрыс үйлестіру бағдарламаның маңызды бөлігі.
– Жаңа салынып жатқан немесе күрделі жөндеуден өтіп жатқан мектептерді «Адал азамат» стандартына сай ету үшін кімдермен бірлесіп жұмыс істеп жатырсыздар?
– Қазір елімізде көп мектеп салынуда, ескі ғимараттар да жаңарып жатыр. Біз үшін осы кезең үлкен мүмкіндік. Жобалау сатысында-ақ «Адал азамат» талаптарын енгізуге тырысамыз.
Ұлттық білім академиясы мазмұндық ұсыныс береді, Оқу-ағарту министрлігі жалпы стандарттарды бекітеді. Әкімдіктер мен құрылысқа жауапты ұйымдар жобаны іске асырады, ал жергілікті білім бөлімдері мен мектеп әкімшіліктері нақты іске жауап береді.
Яғни, бір ғана құрылымның шешімімен шектелмейді, ортақ жұмыс жүруде. Мектеп салып қана қоймай, оның ішкі кеңістігін де жоспарлау қажет деген түсінік қалыптасып келеді. Әр өңірде мүмкіндігі әртүрлі, бірақ дизайн-код бойынша ортақ қағида сақталуына көңіл бөліп отырмыз.
– Ата-ана мен жергілікті қауымдастық «Адал азамат» құндылықтарын мектеп қабырғасынан тыс жерлерде қолдау үшін не істей алады?
– Мектептің ішкі ортасы қанша күш салса да, ата-ананың үлесі шешуші орында тұрады. Бала үйде қандай сөз естиді, үлкеннің бір-біріне қалай сөйлегенін көреді, соны қайталайды.
Сондықтан ата-анамен ашық сөйлесу, бағдарламаның мақсатын түсіндіру маңызды. Жиналыста тек үлгерімді талқыламай, құндылық туралы да әңгіме қозғау керек.
Ата-ана мектептегі ұстанымды білсе, үйде де соған жақын тәрбие бере алады. Жергілікті қауымдастықтың да рөлі бар. Ауылда, шағын қалада еңбек адамын насихаттау, қоғамдық шараларда балаларға жауапкершілік тапсыру – бәрі осы бағдарламаға сай келеді.
«Адал азамат» тек мектеп жобасы болып қалмай, отбасы мен ортақ қоғамның ұстанымына айналған кезде ғана нәтиже береді.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Кәусар ҚОРҒАСБЕК

