Түркістан облысында биыл 10 айдың қорытындысы бойынша 661 интернет-алаяқтық қылмыс тіркелді. Бұл туралы Түркістан облыстық Полиция департаментінің Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының міндетін атқарушы Ермек Ералыұлы мәлімдеді, деп жазады Ertenmedia.kz.
– Түркістан облыстық ПД Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлерінің жыл басынан бері жүргізген жедел іздестіру іс-шараларының нәтижесінде бірнеше қылмыстық істерге қатысы бар 38 күдікті құрықталды. Олар азаматтарға жалпы сомасы 70 миллион теңгеден астам залал келтірген.
Сонымен қатар, Астана қаласында орналасқан 68 дроптан тұратын ұйымдасқан қылмыстық топ құрықталды. «Антифрод-орталық» жүйесі арқылы биыл күдік келтіретін 1 288 тұлғаның есеп шоттарын бұғаттауға арнайы органдарға ұсыныс жолданды.
Полиция Департаменті және Халықаралық Қазақ-Түрік Университеті арасында жасалған меморандум аясында «Кибернадзор» жүйесі арқылы – 4 300 құқыққа қайшы контенттер бұғатталды. Одан бөлек, полиция қызметкерлері 4 000-нан астам оқушыға және 500-ге жуық педагогқа қаржылық қауіпсіздік және интернет-алаяқтықтың алдын алу мәселелері бойынша дәрістер өткізді, – деді спикер.

