Астанада прокуратура мен әкімдіктің бастамасымен «Заң және тәртіп баланың көзімен» атты ерекше сурет байқауы өтті. Байқауға 5–7-сынып оқушылары қатысып, тәртіп пен заңды өз көзқарасымен қағаз бетіне түсірді.
Шығармашылыққа толы жұмыстарды сараптауға ЮНЕСКО-ға қарасты Балалар көркемсурет мектебінің ұстаздары және мемлекеттік органдар өкілдері қатысты. Олар балалардың сурет арқылы тақырыпты ашу деңгейіне, ойлау қабілетіне, композиция мен бояу қолдану шеберлігіне назар аударды.
Қорытындысында 22 үздік жұмыс таңдалды. Жеңімпаздарға арнайы диплом мен естелік сыйлықтар табысталды. Суреттердің мазмұнында бала психологиясы, қоғамға деген сенім, қауіпсіздік пен жауапкершілік идеялары анық байқалған.
Кейбір жұмыстарда көшедегі қауіптен бастап, отбасындағы тәртіпке дейін қозғалған. Мұндай тәсіл балалардың заңды мектеп пәні емес, күнделікті өмірдің ережесі ретінде қабылдай бастағанын көрсетті.
Ұйымдастырушылар келесі қадамды да ойластырып қойған. Енді үздік жұмыстар қаланың қоғамдық орындарында көрме ретінде қойылады. Бұл – балалардың дауысы еленіп, пікірлері назарға алынатынын көрсететін маңызды қадам.
Қоғам заңды қағаз бетінде ғана емес, санада ұстауы керек. Балалар соны нәзік тілмен жеткізе алды. Осындай шығармашылық бастамалар арқылы тәртіп түсінігі ұрыспен емес, түсініспен қалыптасады. Оқушы өз суреті арқылы қоғамға үн қатса, онда тәрбиенің тірегі дұрыс бағытта тұр деген сөз.

