Астанада шетелге білім беремін деп жұрттың сеніміне кірген әйел 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Ресми мәліметке қарағанда, ол өзі құрған білім орталығы арқылы 52 адамның ақшасын иемденіп, жұрттың жалпы шығын көлемі 152 миллион теңгеге жеткен, деп жазады Ertenmedia.kz.
Ол жұртқа Еуропа университеттеріне «гарантпен түсіремін», «тіл курсынан босататын халықаралық сертификат алып беремін» деп уәде үйіп-төкен. Жарнамасын әлеуметтік желіде жүргізіп, БАҚ арқылы да насихаттаған. Көп адам шетелге жол ашылады, баламыздың болашағы жарқын болады деп сеніп, қомақты қаражатын аударып, артынша сан соғып қалыпты.
Тергеу барысында белгілі болғандай, орталық уәде еткен құжаттар ешкімге бермеген. Шынайы оқу процесі де болмаған. Яғни, курстар қағаз жүзінде болғанымен, іс жүзінде өткізілмеген.
Ең бастысы компанияның халықаралық аккредитациясы мүлде болмапты. Соған қарамастан, иесі өз қызметін «ресми, сенімді, халықаралық деңгейдегі жоба» ретінде таныстырып отырған.
Айталық, жәбірленушілердің бірі баласын Еуропада оқуға дайындау үшін шамамен 3 миллион теңге төлеген. Ол ақшаға да сертификат та, нақты дайындық та берілмеген.
Прокуратура таратқан мәліметте айыпталушының бастапқыда-ақ өз міндетін орындай алмайтынын білгені, яғни келісімшарттарды қасақана алдау ниетімен жасағаны мәлім болып отыр.
Клиенттермен жасалған келісімдер шын мәнінде заңды қызмет үшін емес, ақша жинап алу схемасы болған кеш түсініпті. Түскен қаражатты ол өз қажетіне жұмсаған. Сотта айыпталушы кінәсін мойындамағанымен, тергеу материалдары мен жәбірленушілердің сөздері оның әрекетін растап берді.
Сот шешімі бойынша әйел 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Оған қосымша 7 жыл бойы білім беру орталықтары мен оқу ұйымдарын ұйымдастыруға байланысты қызметпен айналысуға тыйым салынды.
Жәбір көрген азаматтардың азаматтық талаптары қанағаттандырылды, яғни олардың ақшасын өндіру туралы шешім қабылданды. Бірақ мұндай істерде ақшаны толық қайтарып алу оңай болмайтыны түсінікті.
Бұл оқиға жақында Астана мен Алматыда «Tesla Education» атты білім орталығы филиалдарының бір күнде жабылып, мыңдаған оқушының оқуын орта жолда қалдырған жағдайды еріксіз еске салады. Ол жерде де ата-аналар жылдық курстарға шамамен миллион теңгеге дейін ақша төлеп қойған. Ал бір күні қызметкерлер чаттан шығып, орталықтың есігі құлыптаулы тұрған.
Осы екі жағдай да бір қарапайым нәрсені көрсетеді. Шетелге оқуға жіберемін, балаға ерекше білім беремін деген уәдені естігенде, құжатты, лицензияны, аккредитацияны мұқият тексермей, ақша аудару өте қауіпті.

