Белгілі журналист Дәурен Қуат Ресей президенті Владимир Путиннің осыдан бәленбай жыл бұрын «қай елде тұрса да, орыстілділердің құқығын қорғаймыз» деген әйгілі мәлімдемесі Қазақстандағы саяси ахуалға тікелей ықпал етті деп есептейді, деп жазады Ertenmedia.
Журналистің пікірінше, Путиннің Кремльде тұрып, кейін Астанаға ресми сапары барысында тағы бір мәрте айтқан осы пікірі ел ішіндегі Мәскеуге бүйрегі бұратын топтардың еңсесін көтеріп жіберген.
«Мәлімдеменің астарында «абайлаңдар, қажет болса соғыс ашамын» деген айқын ескерту жатқан еді. Кремльдің қабағына қарағыш Астана осыдан кейін Кеңес дәуірін аңсаушылардың талтаңдауына жол берді», – дейді ол.
Дәурен Қуаттың айтуынша, ел билігінің жалтақтығын пайдаланған Мәскеудің саясаткерлері мен жалған ғалымдары қазақтардың тарихын, мәдениетін және тілін емін-еркін таптай бастаған. Қазақтың ұлтшыл азаматтарын «нацпат» деп мазақ ету, қорлау үйреншікті көрініске айналған. Солай бола тұра ресми Астана тарапынан ешбір пәрменді наразылық болған жоқ.
Ал Қазақстанның өзінде қазақтың отаншыл азаматы бір замандасына қазақша сөйлеуді талап еткен жағдайда, қылмыскер ретінде сот алдында жауап береді. Соның бір мысалы жақында ғана төрт жылға бас бостандығынан айырылған желтоқсаншы Мирболат Мырзатайұлының ісі.
«Сондағы жалғыз жазығы біреуге «қазақша сөйле» деп талап қоюы. Бар айыбы осы. Конституциямыз бойынша қазақ тілі мемлекеттік тіл. Ел аумағында тұратын әрбір азаматтың мемлекеттік тілді білуі міндет. Әрине, Ата заңда ресми тілдің де орны бар. Ұлық басқосуларда, үкімет жиынында мемлекеттік тіл тасада қалып, ресми тілдің атой салуы қазақтілді қауымның ашу-ызасын күшейтіп жатыр. Оны ескеріп жатқан ешкім жоқ», – деп жазады журналист.
Автордың пікірінше, Мирболат секілді отаншыл азаматтар елдегі өзге ұлт өкілдерін алаламайды, керісінше Қазақстанды өз Отаным дейтін әрбір жанды бауыр санайды. Осындай азаматтың төрт жыл ғұмырының түрмеде өтуі барып тұрған әділетсіздік.
«Бүгінгі билік елі мен жері үшін жанын шүберекке түйген азаматтарды жазалап, рухын жанши берсе, ертең ел тағдырына кім араша түседі?», – деп түйіндейді Дәурен Қуат.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.

