Израильде кезекті парламент сайлауынан кейін саяси күштер арасындағы күрес жаңа деңгейге көтерілді. Ел тарихында ең ұзақ премьер-министр болған Беньямин Нетаньяху төрт жыл бойы билікті ұстап тұруға мүмкіндік берген парламенттік көпшілігінен айырылды. Мемлекет президенті Ицхак Герцог жаңа үкімет жасақтау мандатын ресми түрде оппозиция өкілі, бұрынғы Бас штаб бастығы Гади Эйзенкотқа тапсырды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қағаз жүзінде жағдай қарапайым көрінгенімен, іс жүзінде мәселе өте күрделі. 120 орындық Кнессетте Эйзенкотты 67 депутат қолдауға дайын. Алайда бұл дауыстар оңшылдардан бастап араб қозғалыстарына дейінгі түбегейлі қарама-қайшы алты саяси партияға тиесілі. Тәжірибесі аз саясаткер үшін бұл фракциялардың басын қосу үлкен сынаққа айналып отыр.
Парламенттегі сандар сыры: коалиция қалай түзіледі?
Израиль заңнамасына сәйкес, үкімет жасақтау үшін Кнессеттегі кемінде 61 депутаттың қолдауы қажет. 2022 жылғы сайлауда Нетаньяху блогы бастапқыда 64 орын алып, кейін 68 мандатпен тұрақты көпшілікке қол жеткізген еді. Соның арқасында оның үкіметі 1988 жылдан бері алғаш рет толық мерзімін атқарып шықты.
Қазіргі сайлау қорытындысы бойынша Нетаньяху жақтастары бар болғаны 46 мандатты ғана иеленіп отыр. Премьерді ұзақ жылдар бойы қолдап келген «Біріккен Тора яхудилігі» партиясы қолдау білдіруден бас тартқан соң, оның 53 орындық блогы күрт қысқарды.
«Израиль мемлекетінің алдында орасан зор міндеттер тұр. Біз аймақтағы саяси көкжиекті белгілеп, соғыстан кейінгі кезеңді реттеуге, сыртқы қысымдар мен халықаралық жаңа саяси ахуалға жауап беруге тиіспіз», – деді жаңа үкімет құру мандатын тапсырған ел президенті Ицхак Герцог.
Эйзенкоттың «ұлттық төтенше үкімет» жоспары
Гади Эйзенкот азшылық үкіметін құруды көздейді. Оның негізін барлығы 48 мандаты бар төрт еврей оппозициялық партиясы құрамақ. Олардың қатарында Эйзенкоттың «Яшар» қозғалысы, бұрынғы премьерлер Нафтали Беннетт пен Яир Лапидтің «Бірге» партиясы, Авигдор Либерманның «Біздің үй — Израиль» бірлестігі және Яир Голан бастаған «Демократтар» бар.
Қалған 19 орын екі араб партиясына («Ортақ тізім» және «Раам») тиесілі. Жоспар бойынша араб депутаттары министрлер кабинетіне кірмейді. Бірақ бірқатар әлеуметтік және құқықтық жеңілдіктерге айырбас ретінде үкіметке сырттай сенім білдіріп, құлап қалмауын қамтамасыз етуі керек. Израиль тарихында мұндай азшылық кабинеттері болғанымен, сайлаудан кейін бірден бұл жолмен үкімет құру тәжірибесі кездеспеген.
Кедергілер мен қарама-қайшылықтар
Келіссөздер жолында үлкен тосқауылдар бар. Либерман бастаған кейбір оңшыл саясаткерлер тіпті сырттай болса да араб партияларының қолдауына сүйенетін құрылымға кіруге түбегейлі қарсы. Екінші балама ретінде ультраортодоксалды діни партияларды тарту ұсынылғанымен, әскерге шақыру заңы бұл қадамды тығырыққа тірейді. Себебі діни қауым жастарын әскери қызметтен босатуды талап етсе, оппозиция жетекшілері жалпыға ортақ әскери міндетті қолдап шықты.
«Егер Нетаньяху шын мәнінде ұлттық бірлікке мүдделі болса, өзінің радикал одақтастарынан қол үзіп, мен басқаратын үкіметке қосылуы керек», – деп мәлімдеді Гади Эйзенкот қарсыласының мәлімдемелерін жасанды айла деп бағалап.
Беньямин Нетаньяху өз кезегінде еврей-араб ынтымақтастығына қарсы ақпараттық қысымды күшейтті. Ол «ұлттық бірлік үкіметін» құруға үндеген бейнеүндеулер жариялап, билік тізгінін өз қолында қалдыруды көздеп отыр.
Келесі қадам: Израильді тағы да сайлау күтіп тұр ма?
Эйзенкотқа коалиция жасақтау үшін алты аптаға дейін уақыт берілген. Дегенмен оппозиция үкімет құрылғанға дейін-ақ парламенттегі басымдықты пайдаланып, Кнессет спикерін ауыстыруды және заң шығару тетіктерін бақылауға алуды жоспарлап отыр.
Егер Эйзенкот коалиция жасай алмаса, мандат Нетаньяхуға өтеді. Нетаньяхуға өз блогын толтыру үшін оппозиция қатарынан кемінде 8 дезертир-депутат табу қажет болады. Алайда оппозицияның негізгі жетекшілері онымен ынтымақтасудан үзілді-кесілді бас тартып қойды. Ол да сәтсіздікке ұшыраса, мандат тағы екі аптаға Кнессетке беріліп, ортақ шешім табылмаған жағдайда Израильде кезектен тыс жаңа сайлау тағайындалады. Бұл уақытта премьер міндетін Нетаньяхудың өзі атқара береді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







