Мемлекеттен жүздеген миллиард теңге бөлінсе де, Қазақстандағы әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың (ӘКК) жұмысы тиімсіз, елге еш пайдасы жоқ жобалармен айналысып отыр, деп жазады Ertenmedia.
Жоғары аудиторлық палатаның соңғы тексерісі осыны анықтады. Соңғы бес жылда бюджеттен ӘКК-лардың есепшотына 528 млрд теңге (!) аударылған. Оның жартысынан көбі кәсіпкерлікке қолдау көрсетуге бөлінген.
Бірақ нақты инвестициялық жобаларды іске асырудың орнына, кейбір корпорациялар ақшаны депозитке салып, табысы төмен коммерциялық схемаларға жұмсап келген.
Бас аудитор Әлихан Смайыловтың айтуынша, ӘКК-лар қазір өздеріне берілген нақты міндетпен емес, өңірдегі басшылықтың қалауымен ғана жұмыс істейді.
«ӘКК-лардың әрекеті көбіне Кәсіпкерлік кодексіне қайшы келеді. Олар мемлекеттік жоспарлау жүйесіне кірмегендіктен, әкімдіктің жұмыс сапасына да әсер ете алмайды. Ал шығын болса жылдан-жылға артып барады», – деді Смайылов.
Аудиторлардың дерегі бойынша, 2025 жылдың басында ӘКК-лардың тапқанынан шашқаны көп болып, жалпы шығыны 209 млрд теңгеден асып кеткен. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 7 есе көп.
Жалпы алғанда, 138 млрд теңгеге қаржы заңбұзушылығы, 14,5 млрд теңгеге тиімсіз жоспарлау, тағы 33,6 млрд теңгеге бюджет қаржысы мен активтерді негізсіз жұмсау фактіcі анықталған. Осы бойынша жинақталған материалдар құқық қорғау органдарына жолданбақ.
Әр аймақта нақты схемалар әшкереленген:
- «Ертіс» ӘКК-сы инвестициялық жоба деген сылтаумен 16,6 млрд теңгеге коммерциялық тұрғын үй салған, заңсыз әрекет 3,3 млрд теңге.
- Aqjaiyq ӘКК-сі өзіне бөлінген жер телімдерін пайдаланбаған немесе мақсатын өз бетімен өзгертіп жіберген.
- «Ақтөбе» ӘКК-сі үш жылда бір ғана жеке компанияға 11,2 млрд теңге несие мен субсидия берген. Бұл процесте туыстық және жақын байланыстар анықталып, тіпті кепілзат та талап етілмеген.
- «Семей» ӘКК-сінде жобалардың тәуекелін бағалау жүргізілмеген.
Сонымен қатар, ӘКК-лар азық-түлік бағасын тұрақтандыру міндетін де орындай алмай отыр. Қорда жиналған өнімдер сапасыз әрі сұранысқа сай емес. Сондықтан корпорациялардың нарық бағасына әсер ету мүмкіндігі жоқтың қасы.
Cмайылов Ұлттық экономика министрлігіне осы жағдайды дереу реттеуді тапсырды.
Айта кетейік, бұған дейін Денсаулық сақтау, Ауыл шаруашылығы және Білім министрліктерінде жүргізілген тексерістер нәтижесінде де миллиардтаған теңгенің заңсыз және тиімсіз жұмсалғаны анықталып, бірқатар шенеуніктер жауапқа тартылған.
Ertenmedia бұған дейін Смайыловтың спорт саласындағы бірқатар былықты әшкере еткенін, егжей-тегжейлі жазған еді.
«Самұрықтың» есептегі ертегісі: Смайылов тағы бір шындықтың бетін ашты
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

