Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов жұмыс жоспарына сәйкес облыстық басқарма басшыларының есептерін тыңдап, алдағы жоспарларды талқылады. Кездесу барысында мәслихат төрағасы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Файзулла Байдуллаевтың есебін қарап, атқарылған жұмыстардың қорытындыларын бағамдады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Басқарма тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарды баяндаған Файзулла Мұстафинұлының сөзінше, Түркістан облысының агроөнеркәсіп кешені жалпы өңірлік өнімнің 20% құрайтын өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының драйвері болып табылады. Ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы дақылдары 907 мың гектарға орналастырылып, өткен жылдан 34 мың гектарға артқан. Мәселен, егіс құрылымына сәйкес дәнді дақылдар көлемі 10 мың гектарға артып, 342 мың гектарға, майлы дақылдар 2 мың гектарға артып, 73 мың гектарға, мақта 38 мың гектарға артып, 145 мың гектарға орналастырылды.
Көкөніс, бақша алқаптары өткен жылғы деңгейде сақталып, 118 мың гектарды, мал азықтық дақылдар 230 мың гектарды құрады. Дала жұмыстарына жанар-жағар май босату, кредиттік ресурстар, минералды тыңайтқыштар, тұқым бөлу шаралары мерзімінде жүргізілді. Нәтижесінде, 695 мың тонна дәнді дақыл, 54 мың тонна майлы дақыл, 1,5 миллион тонна көкөніс пен картоп, 1,7 миллион тонна бақша өнімі, 5 миллион тонна мал азықтық дақыл және 428 мың тонна мақта жиналды.
Сонымен қатар, мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов Түркістан облысы мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаевтың есебін қарап, алдағы жұмыстарды талқылады.
Басқарма басшысы Әзімхан Серікұлының айтуынша, мәдениет басқармасы негізгі 6 бағыт бойынша халыққа қызмет көрсетеді. Атап айтқанда, театр саласы, концерттік ұйымдар, музей саласы, кітапхана саласы, тарихи-мәдени мұралар, тілдерді дамыту және ономастика. Аталған бағыттар бойынша басқармаға қарасты 24 мәдениет мекемесі бар.

Түркістан облысында 3 кәсіби театр жұмыс істейді. Аталған үш театрда биылғы жылдың 10 айында 15 жаңа спектакль сахналанып, ағымдағы 276 спектакль қойылып, 42174 көрермен қамтылды. Сонымен қатар, Құрманбек Жандарбековтің 120 жылдығына орай 11-16 қазан аралығында «Қазақтың Құрманбегі» І Республикалық театрлар фестивалі өтті.
Облыстағы 24 музейде ағымдағы жылдың 10 айында 666 көрме, 7377 экскурсия, 558 көпшілік іс-шара ұйымдастырылған. Биылғы жылы 2167 жәдігер жинақталып, жалпы жәдігер саны 177 542 дананы құрады. Музей саласын дәріптеп, жандандыру мақсатында 2026 жылы «Ұлы Дала елі орталығының 5 жылы: мәдени-ағартушылық миссия және инновациялық амалдар» атты конференция өткізіледі. Сондай-ақ, музей экспонаттарын заманауи форматта таныстыратын «Voices of the past» жобасы ұйымдастырылады деп жоспарлануда.
Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Меруерт Әбдіқадырқызын қабылдап, атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларды талқылады.
Меруерт Әбдіқадырқызы өз баяндамасында есеп беру мерзімінде облыс бойынша 4097 қылмыстық құқық бұзушылық тіркеліп, былтырғы жылмен салыстырғанда — 7,7%-ға, қылмыс саны — 1,9%-ға төмендеді атап өтті. Сонымен қатар, аса ауыр қылмыстар – 51,4%, ауырлығы орташа қылмыстар 6,8% азайған.
Жалпы өңірде қоғамдық тәртіпті сақтауға 1 595 бейнебақылау камералары қолданылады. Бейнебақылау камераларының көмегімен 358 қылмыс ашылған және 98070 әкімшілік құқық бұзушылықтар анықталды.
Сонымен қатар, Нұралы Әбішов Түркістан облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды ретттеу басқармасының басшысы Ғалымжан Төлеповтың есебін қарап, алдағы жұмыстар талқыланды.
Басқарма басшысының айтуынша, республика бойынша 5 жылда елді мекендерде 15 млн-нан астам ағаш отырғызу жоспары бекітілген. Бекітілген іс-шара жоспарында облыстың елді мекендерін көгалдандыруға 1,1 млн. көшет егу тапсырылған. Ағымдағы жылы аудан, қалаларды көгалдандыруға 1 млн-нан астам көшет егу жоспарланып, оның ішінде 509 мың данасы көктемгі маусымда отырғызылды.
Облыстық мәслихат төрағасына облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысыатқарылған жұмыс қорытындысы туралы есеп берді.
Басқарманың мәліметінше, статистикалық мәліметке сәйкес, ағымдағы жылдың 3 тоқсанының қорытындысымен облысымызда жұмыс күші 861 913 адамды құрады, жалпы халық санының 40 пайызы. Жұмыс күшіндегі жалдамалы қызметкерлер саны 442 211 адамды, ал өздігінше жұмыспен қамтылғандардың саны 379 803 адамды құрады.
2026 жылға арналған «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» аясында 108 680 адамды (оның ішінде 73 584 тұрақты, 35 096 уақытша) болжамды жұмыспен қамту жоспарлануда.
Жалпы барлық басқармаларда көптеген жұмыстар атқарылғанын атап өткен мәслихат төрағасы ел игілі үшін еңбек етіп жатқан басқарамалар ұжымына сәттілік тілеп, жұмыстарды ары қарай жандандыруды ұсынды.

