Жамбыл облысы Талас ауданында үш бірдей жеткіншекті ұзақ жыл бойы азаптап, құлдықта ұстаған азамат сотталды, деп жазады Ertenmedia.
Іс материалына сәйкес, айыпталушы өгей ұлдарын 6 жыл бойы ұрып-соғып, таңнан қара кешке дейін малдың соңына, қара жұмысқа жеккен.
Балаларды қоғамнан оқшаулап, аш қалдырып, телефон ұстатпай, коллежде оқитын үлкен баланың шәкіртақысына ортақтасып отырған.
«Сот отырысында балалардың берген куәлігі және іс бойынша жиналған өзге де айғақ арқылы айыпталушының кінәсі толық дәлелденді. Айыпкердің жауапкершілігін жеңілдететін фактырлар анықталмады. Сот оны 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айырды», – деп хабарлады Талас аудандық сотының баспасөз қызметі.
Контексті айта кетейік…
Оқиға тамыз айында Көктал ауылы тұрғындарының үш баланың жоғалып кеткені туралы хабарынан кейін дүйім елге тараған. Малды өріске шығарған үш ағайынды сол күйі үйге оралмаған еді. Анасы полицияға арызданғасын, іздеу салынған балалар Алматыдан табылған. Олар туған әкесі мен анасының әпкесін паналауға мәжбүр болған. Кейіннен ағайындылар Тараздағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтан жапа шеккендердің орталығына жеткізілген.
Белгілі болғандай, олар өгей әкеден 6 жыл бойы зәбір көріп келген.
Үш ұлдың үлкені, 16 жастағы егіздің сыңары колледжге түскенімен, өгей әкесі оның стипендиясын түгелдей қалтасына басып, баланы оқуға жібермей қойған. 10 жасар Ұзақбай төртінші сыныпта оқуы тиіс болғанымен, қара танымайды, жазу-сызуға қабілетсіз күйде қалған.
Балалардың ет жақындары ауыл әкімі мен имамның әлгі жағдайдан хабардар болғанын, бірақ еш шара қолданбағанын мәлімдеген еді. Бастапқыда пәлцейлер «ұрып-соғу, ауыр жұмысқа шегу құлдық емес, құлдық тек кісен мен бұғауға түскен жағдайда ғана болады» деп бет бақтырмаған. Өңір басшылығы жағдай әбден ушығып, ел ішіне тараған соң ғана қозғалған болатын.
Соңғы рет балалардың Тараздағы дағдарыс орталығында екені айтылған.
Осының алдында Erteńmedia «Қарашөкеевтің тұсындағы Тараз 90-шы жылдарға қайта оралып жатқанын» жазған еді.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.
Астанаға қол жайған Қарашөкеев: Жамбыл шенеуніктерінің шырт ұйқысы бұзылды

