Түркістан облысында ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев жұмыс сапарымен келіп, алдағы вегетациялық кезеңге дайындық барысы және ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқаптарын әртараптандыру мәселесі бойынша мәжіліс өткізді.
Мәжілісте «Ауыл аманаты» іске асырылу барысы да талқыланды. Вице-премьер жауапты министрлер мен облыс әкіміне осы бағыттағы жұмыстарды жандандыра түсуді тапсырды.
— Су тапшылығы қазірдің өзінде халықтың өмір сүру сапасына және экономиканың тұрақты дамуына тікелей кері әсерін тигізуде, бұл су ресурстарын тиімді басқару және пайдалану тиімділігін арттыру мәселелерін ерекше өзекті етеді. Қауіп-қатерлерді азайту және агроөнеркәсіптік кешеннің тұрақты дамуын қамтамасыз ету мақсатында су үнемдейтін технологияларды, суару әдістерін және ирригациялық жүйелердің жағдайын мониторинг жүргізу тәсілдерін кеңінен енгізуді күшейту қажет.
Сонымен қатар су ресурстарын заңсыз пайдалану, соның ішінде «қара нарық» жағдайларын болдырмау үшін құқық қорғау органдарының белсенді қатысуымен қарсы шаралар қабылдануы тиіс. егіс құрылымдарын әртараптандыруға, сондай-ақ құрғақшылыққа төзімді және аз су қажет ететін дақылдарды енгізуге ерекше назар аудару қажет.
Мұндай тәсіл су ресурстары шектеулі жағдайда ауыл шаруашылығы өндірісінің өнімділігін арттыруға, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және ауылдық аймақтардың тұрақты дамуын қолдауға мүмкіндік береді, — деді Қанат Бозымбаев.
Мәжілісте Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров өңірде су үнемдеу технологияларын енгізуге және өндіріс орындарын ашуға, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу бағытына басымдық беріліп отырғанын атап өтті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен су үнемдлеу технологияларын енгізу, су нысандарын реттеу жұмыстары үздіксіз жүріп жатқанын жеткізді.

