Қазақстаннан онлайн-казино арқылы заңсыз түрде 600 млрд теңге шетелге шығарылған, деп хабарлайды Ertenmedia.
Қаржы мониторинг агенттігі елімізде аса ірі көлемдегі заңсыз онлайн-казино схемасын әшкереледі. Финтех-сервис иелері «сұр» POS-терминалдарды және бүкмекерлік кеңселермен жасалған жалған келісімшарттарды пайдалану арқылы ақша аударымдарын заңдастырып отырған.
Тексеріс кезінде әлгі іске 20-дан астам төлем ұйымы мен бірнеше банк қызметкерлерінің қатысы бар екені анықталды.
«Сонымен бірге төрт онлайн-казиноға қаржылық операциялар бойынша кеңес беретін Call-орталықтың жұмысы тоқтатылды. Оған Қазақстан, Ресей, Беларусь, Испания және Вьетнамнан жиналған 120 адам жұмылдырылған. Орталық криптовалюта саудасына қатысты серіктестік бағдарламаларын да жүргізген. Оның айналымы 200 миллион доллардан асқан», – делінген агенттік хабарламасында.
Тергеушілер 70-тен астам мекенжайда тінту жүргізген. Қазірдің өзінде тоғыз күдікті қамауға алынды. Тағы сегіз адам, оның ішінде шетелдік азаматтар да халықаралық іздеуге жарияланбақ.

