Ақсу ауданында көп жылдан бері көтеріліп жүрген жол мәселесі біртіндеп шешіліп келеді. Соның ішінде Алтынарық ауылына кіреберіс 3,2 шақырымдық жолға және 22 шақырымдық «Ақсу – Жаңалық» автожолына асфальт төсеу жұмыстары аяқталуға жақындады. Бұрын жаңбыр мен қар кезінде жолдың ой-шұқыры, лайы қиындық тудырса, енді қозғалыс та, жүк тасу да біршама жеңілдейін деп тұр, деп жазады Ertenmedia.kz.
Аудан тұрғындарымен кездесуде Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев бұл жұмысты тек қағаз жүзінде емес, іс жүзінде бақылауды тапсырды. Ол аудан әкіміне және тиісті басқармаларға салынып жатқан жолдардың сапасына ерекше мән беруді, мердігерлерге талапты күшейтуді, жөндеуді уақытында аяқтауды нақты айтты.
Себебі жол салынды деген аты бар да, екі-үш жылдан кейін қайта қопарылып жататын жағдайлар жұртты талай шаршатқан. Сондықтан өңір басшысы кемшілік шықса, дер кезінде түзетуді, қабылдау кезінде формальды қарамай, нақты тексеруді тапсырғаны жөн.

Әкімнің айтуынша, биыл аудан бойынша жергілікті маңызы бар 57 шақырым автожолды жөндеу және күтіп ұстауға қаржы бөлінген. Бұл бір аудан үшін аз көрсеткіш емес.
Жергілікті жол дегеніміз ауыл ішіндегі, ауылдар арасындағы, адамдар күнде жүретін бағыттар. Осындай жолға көңіл бөлінуі бизнес үшін де, мектепке баратын бала, ауруханаға жететін науқас үшін де маңызды. Жол болса, автобус жүреді, такси бар, жүк көлігі уақытында келеді, шаруаның да жұмысы алға басады.

Облыстық маңызы бар бағыттар да назардан тыс қалған жоқ. Егінсу ауылына кіреберіс автожолы жөнделді, сондай-ақ «Алматы – Өскемен» тас жолынан Қапал ауылына баратын 26 шақырымдық жол бөлігі де жаңартылды. Бұл екі бағыт та қозғалысы көп, жүк те, жолаушы да жүретін жолдар. Қапалға апаратын жолдың сапасы жақсарса, туризм мен ауыл шаруашылығына да қосымша дем береді. Егінсуге қатынас түзелсе, ауылдағы халықтың қалаға шығуы, товар тасуы жеңілдейді.
Сонымен қатар жеті елді мекендегі 16 көше орташа жөндеуден өтті. Қызылжар мен Есеболатов ауылдарының кіреберіс жолдары да жаңартылып жатыр. Асфальт төселген, шұңқырсыз, тегіс жол келген қонаққа да, күнделікті қатынайтын жергілікті жұртқа да ыңғайлы. Ауыл жастарының қалаға жұмысқа барып-келуі, шаруалардың өнімін базарға жеткізуі, жедел жәрдем мен өрт сөндіру қызметінің дер кезінде жетуі тікелей осы жолдарға байланысты.

