Шығыс Қазақстан облысында бірден 13 көшеге қазақша атау берілді. Олардың арасында аты аңызға айналған спортшылар Жақсылық Үшкемпіров пен Борис Александровтың есімі де бар, деп жазады Ertenmedia.
Устинка LIVE жазғандай, шешімге жергілікті халықтың бірнеше жыл бойғы өтініші түрткі болған. Өскемен тұрғындары атақты балуан Жақсылық Үшкемпіров пен әйгілі хоккей жаттықтырушысы Борис Александровтың есімдерін ұлықтауды сұраған еді.
Ұсынысты республикалық ономастикалық комиссия қолдады. 9 желтоқсанда депутаттар өзгерістерді бірауыздан мақұлдап, соңғы шешім шығарды.
Осылайша, облыс орталығында мына көшелердің атауы өзгереді:
Стахановская – Жақсылық Үшкемпіров;
Утепова – Оралхан Бөкей;
Красногвардейская – Герольд Бельгер;
Карл Либкнехт – Борис Керімбаев;
Колхозная – Асқартау;
Роза Люксембург – Арна;
Совхозная – Өркен;
Чапаева – Берел;
Краснодонская – Арай;
Краснофлотская – Мұзтау.
Сонымен қатар, Меновное ауылындағы Совхозный тұйық көшесі Талас тұйық көшесі болып, ал Максим Горький көшесі Талаптан Ахметжан деп аталды.
Ал Риддер қаласындағы «Үшінші тұрғын ауданы» кварталы бұдан былай «Тәуелсіздік» шағын ауданы деп аталмақ.
Осыған дейін Қостанай облысы Рудный қаласында көше атауларын қазақшалауға қарсы шыққан тұрғынға дөрекі сөйлегені үшін айыппұл салынған болатын. Толығырақ осы тұста.
Құрғаған қоймалар мен қысқарған алқаптар: Үкіметтің қатал лимиті кімге соққы болмақ

