Шымкент қаласындағы «Айкөл» тұрғын алабы алғаш рет орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Су беру жүйесін іске қосу рәсіміне қала әкімі мен осы аумақта тұратын тұрғындар қатысты. Бұл жоба тұрғындармен өткен кездесуде көтерілген нақты ұсыныстан кейін қолға алынған. Сол жиында аймақ халқы сапалы ауыз су мәселесін ашық айтып, оны шешуді сұраған болатын. Әкімдік сол өтінішті жоспарға енгізіп, қысқа мерзімде жобаны жүзеге асырды.
Жоба аясында ұзындығы 14,7 шақырым болатын су құбыры тартылды. Нәтижесінде 38 абонент жеке тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар ауыз су жүйесіне қосылып отыр. Бұған дейін кейбір тұрғындар суды тасып пайдаланған немесе уақытпен ғана алатын болған. Енді «Айкөлде» тіршілік нәріне қолжетімділік жақсарып, санитарлық-гигиеналық жағдай да біршама реттеледі деген есеп бар.

Су жүйесінің іске қосылуы жергілікті халық үшін жай статистика емес, күнделікті өмірде сезілетін өзгеріс. Шара барысында сөз алған шымкенттік Назым Қалыбекова да осыны атап өтті:
– Суды қосып берді, бәріне рақмет. Енді жағдайымыз бірқалыпқа түседі деп сенеміз. Мүмкін, енді бау-бақшамен де дұрыстап айналысып, жеміс-жидек өсіруге кірісетін шығармыз, – деді ол.
Қала әкімі жобаны жүзеге асыруға қолдау білдірген демеушілерге және жұмысты атқарған мердігер ұйымға алғысын айтты. Оның айтуынша, нәтижеге қысқа мерзімде қол жеткізуге әкімдік, бизнес өкілдері және аудан тұрғындарының келісіп әрекет етуі ықпал еткен. Қаржыландыру, жобалау, құрылыс, тұрғындармен түсіндіру жұмыстары қатар жүргізілген.
Ауыз сумен қамту деңгейі 99,9 пайызға жетеді
Ресми мәлімет бойынша, Шымкентте қазір ауыз сумен қамту деңгейі 99,5 пайызды құрайды. Әкімдік бұл көрсеткішті 99,9 пайызға жеткізуді жоспарлап отыр. Биылдың өзінде Текесу және «Қызылжар-2» шағынаудандарында су жүйесі іске қосылған. Келесі кезекте 4,5 мыңнан астам үйі бар ірі «Кұрсай» шағынауданы. Қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Рзабек Мендіқұлов осы жоспардың егжей-тегжейін түсіндірді:

– Біздің жоспарда биылғы желтоқсан айында Кұрсай елді мекенінде ірі инфрақұрылымдық жобаны іске қосу бар. Сол жоба пайдалануға берілгеннен кейін қаладағы ауыз сумен қамту деңгейі 99,9 пайызға жетеді. Қазіргі кезде Текесу мен Қызылжар-2 елді мекендеріне су беріліп тұр. Бүгін Айкөлге де су жеткізілді, – деді ол.
«Айкөлдегі» су жүйесін іске қосу ашық диалогтың және нақты міндеттеменің нәтижесі. Тұрғындар мәселені көтерді, әкімдік оны күн тәртібіне енгізді, демеушілер мен мердігерлер жұмыс атқарды. Соның арқасында көп жылдан бері шешімін күтетін мәселе біртіндеп жолға қойылып жатыр. Мұндай мысалдар басқа шағынаудандарға да үлгі бола алады.
Әкімдік өкілдері бұл бағыттағы жұмыс жалғасатынын айтады. Қала өсіп келеді, жаңа тұрғын массивтер пайда болуда, ал инфрақұрылым соған сай дамуы тиіс. Су, жарық, газ, жол сияқты базалық қызметтерге қолжетімділік – жай ғана көрсеткіш емес, тұрмыстың нақты сапасы. Сондықтан коммуналдық инфрақұрылымды кеңейту және жаңарту алдағы жылдары да негізгі басымдықтың бірі болып қала береді деген ұстаным айтылды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

