Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов жеке тұлғалардың мобильді аударымын бақылау тәртібі қандай болатынын түсіндірді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Оның айтуынша, аударымға салықтық бақылау тек 3 нақты критерий бір мезгілде орындалған жағдайда ғана жүргізіледі.
Атап айтқанда, жеке тұлғаның шотына 3 ай қатарынан 100-ден аса адамнан аударым түсуі және жалпы сомасы 1 млн теңгеден асуы тиіс. Осы үш талап қатар орындалған жағдайда ғана екінші деңгейлі банктер ақпаратты Мемлекеттік кірістер органдарына жөнелтеді.
«Банктер салықтық бақылау мақсатында осындай деректерді мемлекеттік кірістер органдарына ұсынады. Бірақ жеке тұлғаның шотын ешкім автоматты түрде бұғаттамайды. Кірістер органдары хабарлама жіберіп, мән-жайды анықтайды. Мысалы, ол адам кәсіпкерлікпен айналыса ма, әлде қайырымдылық шарасы ма әр жағдайды жеке қараймыз», – деді Біржанов үкіметте өткен баспасөз мәслихатында.
Сонымен қатар вице-министр әлемжеліде «1 млн теңгеден асқан аударым автоматты түрде жеке кәсіпкер ретінде тіркелуді міндеттейді» деген ақпараттың жалған екенін айтты.
«Бұл таза фейк. Ақпараттың қайнар көзі жоқ, ойдан құралған. Жалған ақпарат таратқан интернет-ресурстар мен блогырлерге соңғы мәрте ескерту жасаймыз. Әлемжеліде әбігер тудырған мұндай ақпараттың артында тұрған тұлғаларды анықтап, қажет болған жағдайда құқық қорғау органдарына жолдаймыз», – деді вице-министр.
Министрлік өкілі азаматтарды тек ресми дереккөзге сенуге шақырып отыр. Мобильді аударымға қатысты барша ақпарат алдымен Қаржыминнің сайтында жарық көреді.

