Қазақстанда шағын бизнес үшін салық декларациясын автоматты түрде алдын ала толтыру жүйесі енгізілмек, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов үкіметтегі баспасөз мәслихатында жаңа жүйенің артықшылығын түсіндірді.
Жаңартылған Салық кодексі аясында туар жылдан бастап шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін декларацияның алдын ала толтырылған үлгілері қолжетімді болады.
Әзірге пилоттық нұсқада іске қосылатын жоба алдағы уақытта барлық бизнес өкілдерін қамтуы мүмкін.
«Автоматты декларация кәсіпкерлердің қалауы емес, уақыт талабы. Цифрлық технология барлық салаға енді. Жаңа Салық кодексі бойынша шағын бизнеске келесі жылдан бастап алдын ала толтырылған декларациялар ұсынылады. Кейінірек аясы кеңейтіледі», – деді вице-министр.
Ірі кәсіпкерлік субъектілері үшін салық органдарына есептік құжат мен ішкі деректерді тікелей беру және деректермен онлайн алмасу жобасы әзірленіп жатыр. Жүйе толық іске қосылғасын дәстүрлі декларация тапсыруға қажеттілік қалмауы мүмкін.
«Мемлекет декларацияны автоматты түрде толтырып беру арқылы кәсіпкерлерге қызмет көрсетеді. Бұл түпкілікті талап емес. Бізде бар ақпаратты, басқа мемлекеттік органдар мен қаржы мекемелерінен алынған деректерді жинақтап, салық төлеушіге ұсынамыз. Декларацияның соңғы нұсқасын мақұлдау немесе өзгерту кәсіпкердің өз еркінде», – деп нақтылады Ержан Біржанов.
Осылайша, декларацияның мазмұны мен соңғы шешімді қабылдау кәсіпкердің өз құзыретінде болады.
Біржанов мұның алдында жеке тұлғалардың мобильді аударымын бақылау тәртібі қандай болатынын түсіндірген еді.
Мобильді аударымды бақылау: министрлік шындық пен аңызды ажыратты

